1

Тарих ғылымдарының докторы Хисмет Табылдиев туралы бір үзік сыр

Жаңалықтар Қоғам

 

Атырау

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті ректорының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, педагогика ғылымдары академиясының академигі Хисмет Бозанұлы Табылдиев 80 жасқа толды. Осы жасқа дейін ғалымның жүріп өткен жолы – өз алдына бір мектеп.

Бұрынғы Орджоникидзе атындағы орта мектептің директоры, кейін университет доценті болған марқұм Ғинаят Әбдірахманұлы кезінде мынадай естелік айтқан еді: «1956 жылы Жамбыл атындағы орта мектеп жабылып, оның оқу корпусы Гурьев педагогикалық училищесіне берілді де, оның 9-класс бітірген оқушылары қаладағы Орджоникидзе атындағы орта мектепке ауысты. Міне, осы балалардың арасында талдырмаш бір жеткіншек болды. Ол – Хисмет Бозанұлы еді. Жас баланың басқаларға ұқсамайтын бір өнері – мектептегі, қаладағы болып жатқан мәдениет шараларын, спорт хабарларын облыстық «Атырау» (сол кездегі «Социалистік құрылыс»), республикалық «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан»), «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш»), «Спорт» газеттеріне үзбей жазатындығы болды. Осы талпынысының нәтижесінде, Хисметтің журналистік қабілеті көрініп, оқуға түсерде оң баға берілді».

Иә, 1936 жылы туғандардың балалық шағы соғыс өртіне тап келді. Олардың көзін ашқанда көргені аналардың көз жасы, әкелердің қатулы қабағы, айнала жетпестік жайлаған кезі еді. Сондықтан да, олар өз нанын өзі тауып жеуге, өмірдің ауырт-палығына өз ақылы мен қайратын қарсы қоюға бесіктен белі шықпай жатып үйренді. Халық Хисмет туған Махамбет ауданының, 18-ауыл тұрғындары Қосымбай, Досымбай деген ағайынды азаматтарды жақсы біледі. Олардың бірі балық аулады, екіншісі аулаған балықты сатты. Осы кәсіпке Хисмет те ерте араласып кетер ме еді, кім білсін?!

Уақыт өте келе мектептің жоғары класында оқитын Хисмет балықшылар өмірін жақсы білгендіктен, олар жайлы мақала жазуға талпынады. Оның алғашқы мақаласы Досымбай көкесі ұстаған 800 килограмдық бекіре туралы болды. Облыстық газетте жарияланған «Звеньевой табысы» деген мақала елді шулатты.

Ол орта мектепті бітірген соң, Алматыдағы Абай атындағы қазақ педагогика институтының тарих-филология факультетінен бір-ақ шығады. Институт қабырғасында Хисмет қаламгерлік кәсібінен қол үзбей, профессорлар Қажым Жұмалиев, Серік Қирабаевтардың ақыл-кеңесімен институттың «Педагог» атты көп тиражды газетінің шығарушысы болады.

Институтты тәмамдағаннан кейін Хисмет Бозанұлы ұстаздық өмір жолын өзіне өмірге жолдама берген қаладағы Орджоникидзе атындағы орта мектептен бастайды. Жас ұстаз оқушыларға қазақ әдебиеті, тарих және дене шынықтырудан сабақ береді. Дене шынықтыру пәнінен сабақ беру себебі – Хисекеңнің бір өнері спорт болатын. Ол спорт туралы көп жазумен қатар институтта оқып жүргенде жеңіл атлетикамен шұғылданып, 400, 800 және 1500 метр қашықтыққа жүгіріп, «институт желаяғы» атанды. Облыстық, республикалық, Орта Азия мен Қазақстан арасындағы жарыстардың әлденеше дүркін жүлдегері болды. Әлі де спортты жанындай жақсы көреді. Мектепте бір-екі жыл қызмет еткеннен кейін, 1963 жылы Гурьев педагогикалық институтына оқытушылыққа ауыстырылды.

Педагогика институтында оқытушы, аға оқытушы бола жүріп ғылымға талпыныс жасайды. Сөйтіп, аспирантураға түседі. 1973 жылы атақты тарихшы, әрі заңгер, академик Салық Зимановтың жетекшілігімен «Социалистік Гурьевтің тарихы» деген тақырыпта кандидаттық диссертациясын қорғап шығады. Міне, содан бері 53 жыл  бойы осы оқу орнында еңбек етіп келеді. Бұрынғы педагогика институты, қазіргі университетте тарих ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесімен бірге, доцент, профессор ғылыми атақтарын алып, бұл жоғары оқу орнында сырттай оқу бөлімі деканының орынбасары, сырттай оқу бөлімінің деканы және проректоры болып қызмет атқарды. Ғылыми еңбегінің жетістік-  терімен қатар, педагогикалық жұмыстарындағы шеберліктері ескеріліп, 1990 жылы Атырау педагогикалық институтының ректорлығына жоғарылады.

Ректор болып тағайындал-ғаннан кейін Хисмет Бозанұлы бұрынғы институтқа университет статусын алып беруге күш салды. Оған ғұлама ғалым Халел Досмұхамедов атын беруге Хисмет Бозанұлы үлкен еңбек сіңіргенін университеттің барша ұжымы мойындайды. Хисекең ректорлық жұмысты атқарған кезінде, өте қысқа мерзімде факультет пен кафедралар орталықтандырыл-ған жұдырықтай жұмылған ұжымға айналды. Университет жанынан аспирантура ашылды. Ұстаздар мен студенттер еңбегі университет баспаханасынан шығатын болды.

Хисекең басшылық еткен кезде 34 сала бойынша маман даярланды. 12 жаңа маман оқытатын факультет жұмыс істеді. 1991-1992 оқу жылында Атырау университетінде бірде-бір ғылым докторы болмаса, 1997-1998 оқу жылында  алты ғылым докторы, 30 профессор, 130-дан аса ғылым кандидаты мен доцент еңбек етті.

Атырау университеті студенттердің саны жағынан Батыс Қазақстандағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі болды. Сол кезде сегіз мың студентке 43 кафедра ғалымдары дәріс оқыды. Студенттердің оқу, ғылыми жұмыс, спорт, мәдени-көпшілік жұмыстарында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Осының бәрі Хисмет Бозанұлының уақытпен санаспай, жұмыс десе жанын салатын жанқиярлық еңбегінің, маңдай терінің жемісі еді. Осы білім мен ғылымның ордасында Хисмет Бозанұлы басшылық еткен кезден бері алты оқытушы докторлық диссертация қорғаса, 18 оқытушы профессор, 40 оқытушы ғылым кандидаты атағын қорғады. Университетке басшылық ете жүріп, өзі де 1997 жылы 6 қарашада қазіргі Қазақстан тарихшыларының атасы болған академик М.Қозыбаевтың жетекшілігімен ғылым докторы атағын абыроймен қорғап шықты.

Хисмет Бозанұлын әріптестері өз өлкесінің шежіресін жақсы білетін ғалым деп есептейді. Себебі, оның қаламынан шыққан «Социалистік Гурьев тарихы», «Сауатсыздықтан – білім шыңына», «Сауатсыздықты жоюдың Қазақстандағы ерекшелігі мен қиыншылығы», «Кіші жүз руларының тарихы», «Ақтаңдақтар ақиқаты» (соңғы екеуі әріптестері А.Қалмұратов пен Ғ.Нығыметовтермен бірлесе жазған), өлкетанушы Мақсот Жолжановпен бірігіп жазған «Күй атасы – Құрманғазы» атты монография-лары мен ғылыми еңбектері студенттер мен оқушылардың ғылыми құралына айналды.

Сондай-ақ, Хисекең екі томдық «Боздақтар» жинағын шығарушы, 12 томдық Үлкен Қазақ Совет энциклопедиясы авторларының бірі.

Хисмет Бозанұлы 1990-1999 жылдар аралығында Халел Досмұхамедов атындағы университеттің ректоры болса, кейін «Атырау» облыстық газеті бас редакторының орынбасары болып жұмыс істеді. Облыстық кеңестің депутаты ретінде, Атырау облыстық әкімшілігі аппаратында депутаттар кеңесінің жауапты хатшысы қызметін бірнеше жыл абыроймен атқарды. Ол – облыс экономикасы мен мәдениетіне сүбелі үлес қосқан ұлағатты ұстаз, ғалым, қоғам қайраткері. Қоғамдық және ғылым мен ағарту саласындағы еңбектері жоғары бағаланып, бірнеше дүркін орден, медальдармен марапатталды.

Ректор болып тағайындалғаннан кейін Хисмет Бозанұлы бұрынғы институтқа университет статусын алып беруге күш салды. Оған ғұлама ғалым Халел Досмұхамедов атын беруге Хисмет Бозанұлы үлкен еңбек сіңіргенін университеттің барша ұжымы мойындайды. Хисекең ректорлық жұмысты атқарған кезінде, өте қысқа мерзімде факультет пен кафедралар орталықтандырылған жұдырықтай жұмылған ұжымға айналды. Университет жанынан аспирантура ашылды. Ұстаздар мен студенттер еңбегі университет баспаханасынан шығатын болды.

Қазірде Хисмет Бозанұлы берекелі отбасында зайыбы Майрамен ұрпақ қызығына бөленіп отыр.  Жылдар өткен сайын оның қаламынан жастар әлі де көп ғылыми еңбектерді күтеді.

Қадыр ЖҮСІП,

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік

 университетінің профессоры.

 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған