Талантты жанға ештеңе де бөгет емес

Таланты барға тарлық жоқ Жаңалықтар

Мүмкіндігі шектеулі болса да, табиғат сыйлаған талантымен танылып жүрген жандар қай елде де, қай жерде де аз емес. Жуырда Құрманғазы мәдениет сарайында «Қазақ соқырлар қоғамы» қоғамдық бірлестігі Атырау облыстық филиалының қолдауымен аталған қоғам мүшесі, жас өнерпаз Данияр Идаятовтың «Жүрек назы» атты жеке ән кеші өтті.

Таланты барға тарлық жоқ

Кешке қоғам мүшелері, Даниярдың Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде бірге оқитын курстастары, ұстаздары, жалпы өнерсүйер қауым қатысып, жас жігіттің өнеріне үлкен қошемет көрсетті. Оның орындауындағы «Боз орамал», «Сыңарым», «Сен үшін», «Ұстазым», «Достарым менің», «Ұлы дала», тағы басқа әндер көрермен жүрегіне жол тауып, орындаушысын зор ықыласқа бөледі.
Жеке ән кешінде,  сондай-ақ, «Жайық қызы» би ансамблі, «Байкеновтердің балет студиясы», Даниярдың тағдырлас достары өнер көрсетті. Кезінде өзі тәмамдаған  Батыс Қазақстан облысы көру қабілеті төмен балаларға арналған мектеп-интернатынан арнайы келген достары да ән салып, кеш иесіне мектеп-интернат басшысы атынан Алғыс хат табыстады. Осындай марапаттар оған зағип жандарға арналған кітапхана басшылығынан,  өзі білім алып жатқан жоғары оқу орнының музыка және өнер кафедрасынан, Атырау қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінен де табыс етілді. Тілек білдірушілердің бәрі де жас әншіге мықты денсаулық, отбасына амандық, шығармашылық зор табыс тіледі.

Лиза Сейтімова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз