ТАЛҒАТ БРАЗИЛИЯДА ТОП ЖАРДЫ

Жуырда Бразилияда өткен халықаралық Mostratec ғылыми жобалар сайысына қатысқан жерлесіміз Атырау қазақ-түрік лицейінің 11 «а» сынып оқушысы Талғат Егізбаев жүлделі ІІ орынды иемденіп қайтты. Әлемнің 28 елінен 1200-дей оқушы өздерінің 488 жобасын ұсынып, соның арасында күміс жүлдегер атанған Талғат тек облыстың ғана емес, сонымен қатар, елдің мерейін асыра түсірді. 

 

Талғат «Mercedes-Benz» автокөлігінің белгісін зерттеп, формулаға айналдыру бойынша жобасын бір жыл бойы әзірлеп, байқау ережесі бойынша жобаны ағылшын тілінде қорғады.  Дарынды оқушылар арасында топ жарған оқушыны кеше облыстық білім беру басқармасы басшысы Берікқали Сәрсенғалиев қабылдап, жас өреннің білім-ғылым жолындағы алғашқы жетістігімен құттықтады. 

– Талғаттың жетістігіне біз өте қуаныштымыз. Оның сабақ үлгерімі өте жақсы. Халықаралық сайыстан ІІ орын алуы – соның тағы бір айғағындай. Талғаттың қорғаған жобасы – біраз уақыттан бері зерттеп келе жатқан шығармашылық жұмысының нәтижесі, – дейді басқарма басшысы.

– Өзім бала кезімнен автокөліктерге үлкен қызығушылық танытудамын, – дейді Талғат бізбен әңгімесінде.

Аталмыш байқауға Қазақстаннан 40 оқушы барып, 14-і жүлделі орындарға ие болған. Талғат солардың қатарында. Сонымен қатар, байқау аясында сайыcкерлер арасында футболдан чемпионат ұйымдастырылған болатын. Қазақстаннан екі команда шығып, футбол отаны саналатын Бразилияда отандастарымыз жүлделі І және ІІІ орындарды еншіледі.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз