Табыстың кілті – білімде

Мукашева jpg Жаңалықтар

Мәншүк МҰҚАШЕВА,
Х. Досмұхамедов атындағы Атырау
мемлекеттік университетінің
кафедра меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты:

Мукашева jpg
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын отандастарымыз ықыласпен оқығаны анық. Олай дейтінім, Мемлекет басшысының мақаласы –тағылымы мол рухани туынды. Тәуелсіз еліміз осы кезге дейін саяси және экономикалық жаңғыруларды тиімді жүзеге асырып келеді. Бірақ, әлемдік жаһандану үдерісінде экономикалық әл-ауқаты ғана емес, сонымен қатар, рухани жаңғыру мен ұлттық сана да бәсекеге түседі. Табысты өткен екі жаңғыру арқылы Қазақстан өзінің даму жолымен алға қарай қарышты қадам басты. Елбасы халыққа арнаған биылғы Жолдауында да үшінші жаңғырудың бес басым бағытын белгілеп, жаһандық сын-қатерлермен күресу жоспарын айқындап берді. Ал, бұл мақаласында бүгінгі күннің маңызды мәселелеріне айрықша тоқталды.

Иә, заман өзгеріп жатыр. Жаңа технологияларды игеруге ұмтылған адамдардың психологиясы да өзгеріс үстінде. Күн сайын өзгеріп жатқан дүбірлі дүниеде сана-сезіміміз бен дүние-танымымызға әбден сіңіп қалған таптаурын қағидалардан арылмасақ, көш басындағы елдермен теңеліп, иық түйістіру мүмкін емес. Олай болса, бізге де жаңа дәуірдің жағымды тұстарын бойға сіңіруіміз, бәсекеге қабілетті болуымыз қажет екені даусыз. Елбасының «Біз бүгінгі жаңа атаулы ертең-ақ ескіге айналатын, жүрісі жылдам дәуірге аяқ бастық. Бұл жағдайда кәсібін неғұрлым қиналмай, жеңіл өзгертуге қабілетті, аса білімдар адамдар ғана табысқа жетеді. Осыны бек түсінгендіктен, біз білімге бөлінетін бюджет шығыстарының үлесі жөнінен әлемдегі ең алдыңғы қатарлы елдердің санатына қосылып отырмыз. Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» дегені барша қазақстандықты серпілткені анық.

Елбасының қоғам дамуының тамыр соғысын айқын аңғарып, тәуелсіздік жылдарында жеткен жетістіктер биігінен болашақтың көкжиегіне ой тастауы тегіннен-тегін емес. Өйткені, уақыт өткен сайын қоғамда зиялылардың орны айқындала түсуде. Осыған орай, біз еңбек ететін Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ұстаздары болашақ журналист мамандарын дайындауда нені басымдыққа алуымыз керек? Ең алдымен, ана тілін, халқының арғы-бергі тарихы мен өз ата-тегінен хабардар, жұртының озық дәстүр-салты мен құндылықтарын бойына сіңірген білімді жастарды қалыптастыру басты бағытымыз болып отыр. Осыларды толық меңгерген маман ғана ұдайы жаңалыққа құштар, саналы, ойы терең, ақылы алғыр болады. Бұлардың бірі кем болса, адам рухани тұрғыдан ақсайды. Демек, мақсатымыз–айқын, міндетіміз –үлкен, болашағымыз баянды болуы үшін жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Мақалада атап көрсетілгендей, «оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді».

Әр халық, әр мемлекет ғасырлар бедерінде рухани жаңғырып, жаңарып отырады. Біз өзіміздің ұлттық ерекшеліктерімізді сақтап, әлемде болып жатқан жаңалықтарды қабылдай білуіміз керек. Бірнеше тілді білген адам ештеңеден ұтылмайды. Біздің университетте үш, тіпті, одан да көп тілді меңгерген студенттер бар. Олардың қатары күн санап көбейіп келеді. Олар өте білімді, ана тілі мен тарихын, салт-дәстүрін жақсы біледі. Мұның бәрі тәлім мен тәрбиеден бастау алады. Демек, жас ұрпақты ұлттық құндылықтарға бай, тілі мен діліне, тарихына, әдебиеті мен мәдениетіне, салт-дәстүріне берік, рухы мықты, танымы мен тағылымы мол тұлға ретінде қалыптастыруда ұстаздарға зор жауапкершілік жүктеліп отыр.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз