ТҮРКІМЕНСТАН ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҚ ТАНЫТТЫ

Түркіменстан мемлекеті мен Маңғыстау облысы аралығындағы құрлықтағы шекараның ұзындығы 426 шақырымды құрайды. Қазақ-түркімен арасындағы ынтымақтастық, мәдени-достық қарым-қатынастар ежелден қалыптасқан.

Осыдан екі жыл бұрын екі ел Президенттерінің қатысуымен бауырлас түркітілдес мемлекеттерді байланыстыратын «Болашақ-Серхетяка» халықаралық темір жол өткелі салтанатты түрде ашылған болатын. Ал, былтыр Ақтау қаласында Түркіменстанның консулдығы ашылып, жұмысын бастады.

Жақында облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев Түркіменстанның Қазақстандағы консулы Максат Довдановты қабылдады.

Өзара кездесу барысында Ғұмар Ислямұлы Қазақстан мұнайының астанасы атанған аймақтың бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуынан, Елбасы саясатына орай үдемелі индустриялық-инновациялық жобаларды жүзеге асырудағы жұмыстардан, өңірде мұнай мен газ секторын дамытудың болашақ перспективаларынан, бизнесті өркендету бағытындағы кешенді бағдарламаларынан жан-жақты хабардар етті.

– Біздің облысымызда түркіменстандық бизнес өкілдерінің қатысуымен құрылған бірде-бір кәсіпорын жоқ. Сондықтан болашақта мұнай-газ, мұнай-химия салаларын дамытуға ниетті түркімендік бауырларымызды шақырамыз: Олар келіп жатса, біз әрдайым қолдауға әзірміз, – деді аймақ басшысының бірінші орынбасары.

Елшілік өкілі М.Довданов өз кезегінде Түркіменстан жағының көршілес екі ел арасындағы барыс-келіс пен алыс-берісті кеңейту, әсіресе, ауыл шаруашылығы, мұнай-химия саласы, мәдени қарым-қатынас пен спорттық байланыстарды нығайту мүмкіндіктерінің мол екендігін жеткізіп, жылы шырайлы кездесу үшін рахмет айтты.

 Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретін түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз