ТҰРҒЫНДАР ӨТІНІШІНЕ – СЕРГЕК КӨЗҚАРАС

Кеше облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов жеке мәселелері бойынша азаматтарды қабылдады.

 

Қаланың Құрсай ауылындағы Досмұхамедов көшесі тұрғындары  атынан қабылдауға кірген Қадірбек Дюсупов ұзындығы 260 метр болатын шағын көшенің асфальтталмай, жауынды күндері батпаққа айналатындығын айта келіпті. Автокөлік жолын күрделі жөндеуден өткізу жұмыстарының жобалау-сметалық құжаты жасақталып, былтыр мемлекеттік сараптамадан өткендігінен құлағдар еткен аймақ басшысы тұрғындар өтінішіне сәйкес облыстық мәслихаттың кезекті сессиясында тиісті қаржы бөлу мәселесін шешіп, биыл күзде автокөлік жолына күрделі жөндеу жүргізілетіндігін мәлімдеді.

Қала тұрғыны Қадірбек Сыдихов жас мамандарға тұрғын үй бөлу және жұмысқа орналастыру жайын сөз етіп, ата-анасы қайтыс болған Назымгүл мен Нұрбол Кәкімжандарға көмектесуді өтінді. 2008 жылдан бері тұрғын үйге мұқтаж халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарына жататын отбасылар тізімінде 680-ші болып кезекте тұрған Жәлелова Шынар бала жастан мүгедек қызы екеуіне тұрғын жаймен көмектесуді сұрай келіпті. Оның өтінішіне байланысты облыс басшысы заң шеңберінде мүмкіндігіне қарай көмектесу жағын қарастыратындығын  айтты. Қазір қалада тұрғын үй құрылысы қарқынды жүргізілуде. Жыл сайын шамамен осы санаттағы тұрғындардың 200-250-і пәтерлі болады.

Дамбы ауылының Пешной аралында тұратын көп балалы ана, еңбек ардагері Төлегенова Жайсалханның да арызы заңға сәйкес қалалық мәслихаттың арнайы комиссиясында қаралуға жатады. Осал топтың санатындағы бұл отбасы кезекте отыз бесінші болып тұр. Қала әкімінің міндетін атқарушы Ә.Зайдуллиннің мәлімдеуінше, қазір облыс орталығында апатты жағдайдағы үйде тұратын 209 отбасы тұрғын үй алу кезегіне қойылған. 

Облыс басшысының қабылдауына келген мұнай өнеркәсібінің қос ардагері Мұнайшы ықшамауданындағы жалпы ұзындығы 1,3 шақырым болатын «Алмалы», «Шиелі» және «Шабдалы» көшелерінің  жолына асфальт төсеу жөніндегі тілегін жеткізді. Бақтықожа Ізмұхамбетов сол бойда облыс әкімінің орынбасары Айгүл Әжіғалиеваға тиісті қаражатты облыстық мәслихаттың кезекті сессиясы қарауына ұсынуды, қала басшылығына жол мәселесін биыл шешуді міндеттеді.

Қаланың Сырдария көше-сінің 1-ші үйі 1974 жылы салынған. Апатты жағдайдағы үйде 33 отбасы тұрады. Облыстық мәслихаттың 2014 жылғы 10 сәуірдегі «2014-2020 жылдары аралығында Атырау қаласы аумағында апатты, тозығы жеткен тұрғын үй-жайларды және жатақханаларды құлату жөніндегі іс-шаралар жоспарын бекіту туралы» шешіміне сәйкес, бұл үйді келер жылы көшіру жоспарланып отыр. Тұрғындар тілегін мұқият  тыңдаған аймақ басшысы алдағы  жылы бұл үйдің тұрғындары бір бөлмелі пәтермен қамтамасыз етілетіндігін, үлкен  отбасыларының тұрғын үй алу кезегі сақталатындығын, олар тиісті кезегі келгенде заңды жолымен пәтерлі болатындығын айтып түсіндірді.

Облыс әкімінің қабылдауына келген Н.Жантөрин атындағы облыстық филармонияның әншісі Гүлмайдан Сүндетова соңғы онжылдықта өнер сахнасында халықты өнерімен сусындатып жүргендердің арасында жоғары мемлекеттік дәрежедегі атақ алмағандығын, жергілікті жерде оларды марапатқа ұсыну жағы жетімсіздігіне ренішін білдірді. Ол сондай-ақ, алдағы күзде жоспарланған өзінің жеке шығармашылық кешін өткізуге қолдау мен көмекті де қажетсінетіндігін айтты. Облыс әкімі әншінің өнер жолындағы еңбегінің ескерусіз қалмайтындығына, жеке концертін ұйымдастырып, өткізуге тиісті көмектің көрсетілетіндігіне сендірді.

  Облыс әкімінің қабылдауында бұдан басқа тұрғын үй мәселесімен келген Хасанова Күнайдың, Мұқанова Биғайшаның, ерлі-зайыпты дәрігерлер Шабдировтардың, тұрақты жұмысқа орналастыруды өтінген Мұқанова Алтынайдың мәселелері тиісті орындар арқылы заң шеңберінде шешілетін болады. Ал, ІІІ топ мүгедегі әлеуметтік әлсіз отбасына жататын Құлжанова Анарды кезегіне сай биыл жыл аяғына дейін үйлі болатындығын айтып, қуантты.

Облыс әкімінің қабылдауынан азаматтардың біразы өздерінің өтініштерінің аяқсыз қалмайтындығына ризалық сезіммен шықты.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз