«Сыңғырла, соңғы қоңырау!»

whatsapp image 2021 05 25 at 14.22.13 1 1 Жаңалықтар

Биылғы оқу жылының аяқталғанын білдіретін соңғы қоңырау сыңғыры Атырау білім және иновация лицейінде де естілді. Салтанатты шараға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова болашақ жүгін аманат етіп арқалаған жас өрендерге сәт-сапар тіледі.

– Бүгінгі күні мемлекетімізде білім саласына ерекше мән беріліп, оқушылардың толыққанды дәріс алуына барлық жағдайлар жасалуда. Биыл Атырау облысында 5 мыңнан астам бала мектеп бітіріп, оның 288-і – «Алтын белгіге» үміткер болса, 218-і – «Үздік аттестаттан» үмітті. 2020-2021 жылғы оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша 72 оқушы республикалық олимпиадаға қатысып, 42 шәкірті жеңімпаз атанды. Бұл біздің өңір тарихындағы ең үлкен жетістіктердің бірі. Осы білім сайысында біздің түлектер «Үздік олимпиадалық команда» аталымында ІІ орын иеленсе, гуманитарлық бағыт бойынша үздік көрінді. Ал өңірлік білім-инновация лицейлері арасында Атырау білім және инновация лицейі ең үздік білім ордасы атанды, – деді Бақытгүл Қайыржанқызы.
Атырау білім және инновация лицейі – оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп отырған іргелі білім ошағы. Жалпы, осындай лицейлерді бітірген жастардың әлемнің ең таңдаулы жоғары оқу орындарында білім алуына зор мүмкіндігі бар. Өйткені, мұнда оқушылар қазақ, орыс, ағылшын және түрік тілдерін еркін меңгеріп шығады.
– Биылғы оқу жылында лицейімізді 58 түлек бітіруде. Олардың 5-уі – «Алтын белгіге» үміткер болса, 16-сы оқуды «Үздік аттестатпен» аяқтағалы тұр. Қазірдің өзінде олардың кейбірі Польша, Канада, АҚШ, Оңтүстік Корея елдеріндегі жоғары оқу орындарына, Назарбаев университетіне оқуға түсті, – деді Атырау білім және инновация лицейі директорының оқу жөніндегі орынбасары Төлеген Аймұқатов.
Салтанатты шарада түлектердің ата-аналары атынан Ерлан Нұрланұлы, Айгүл Мұсабаевалар сөз алып, олар ұстаздарға шексіз алғыстарын білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі.

Мұратбек ЖАҢАБАЙ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз