АТЫРАУДА БАЛЫҚ ҚЫРЫЛЫП ЖАТЫР МА? (+видео)

screenshot 20220807 143923 Экология

Құрманғазы ауданы, Жұмекен ауылының тұрғындарын ауыз су мәселесі тағы да алаңдатып отыр.

29 шілдеде су тазарту қондырғысы орналасқан Сұрхан өзегінің түсі ашық жасыл-көк түске айналып, салдарынан тұрғындарға берілетін ауыз судан өткір иіс (дустының иісіне ұқсас) шығатындығы туралы бейнежазба тараған болатын.

Сондай-ақ, бейнежазбада балықтардың өлексесі жатқандығы да айтылды. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы Шынболат Мусиннің айтуынша,  санитарлық эпидемиологиялық қадағалау басқармасы мен «Ұлттық сараптама орталығының» мамандары бірлесіп Сұрхан өзегі мен су тазарту-тарату ғимаратынан микробилогиялық және химиялық көрсеткіштерге зерттеулер жүргізу үшін төрт түрлі сынама алынған.

— Су тазарту сүзгісі суды тазартып тұрғанымен, жағымсыз иісі кетпей тұр. Ағынды су болмаған соң, су тайыздап, тұрып қалғандықтан өзгеріске ұшырауы да мүмкін. Сынама қорытындысы шыққан соң қосымша мәлімет беріледі. Ауыл тұрғындарымен кездестік, жағдай реттелгенше ауыз су тасымалданатын болады, – деді бөлім басшысы. 

Жергілікті тұрғындар да соңғы үш жылда өзекте ағыс тоқтап, ластанып, балдыр басып кеткендігін айтып отыр. 

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, соңғы жылдары көктемгі өр суы тоқтап, оның қайтуымен бірге (шілде, тамыз айларында) аталған өзек тайыздап, өзінің негізгі құятын саласы «Шарон» өзенінен бөлініп қалады. 

Бұл мәселені шешу мақсатында ауылдық округ әкімдігі 2021 жылы су тазарту-тазарту ғимаратына 13 266 000 теңгеге жаңа сүзгі сатып алған.

Алайда, ауыз судан өткір иіс пайда болып, бұл жағдай 2 мыңға жуық тұрғыны бар ауылда биыл тағы да қайталанып отыр. 

«Су малға да ішуге жарамсыз» деген тұрғындар, амалдың жоқтығынан ауыз суды сатып алып ішуге мәжбүр. Ал оның бағасы қалтаны қағып отыр.

Сараптама нәтижесінен соң аудан әкімдігі және аудандық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы тиісті шаралар қабылдайтындығын айтады.

Алмас ҚАБДОЛОВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз