СУДЬЯЛАР РУХЫНА – ЕСКЕРТКІШ ТАҚТА

Тәуелсіздік күні мерекесіне орай облыстық сот басшылығының бастамасымен сот жүйесінде ұзақ жыл басшылық еткен Мәлік Ғабдуллин мен  сала ардагері Алмасбек Төкеевтің құрметіне мемориалдық тақтаның ашылу салтанаты өтті.

 

Атырау қалалық сотының ғимаратына орнатылған ескерткіш тақтаның ашылу рәсіміне облыстық сот өкілдері, сала ардагерлері мен марқұмның туыстары қатысты. Іс-шара  саналы ғұмырын сот саласына арнаған ардагерлерді бір минут еске алудан басталды.

Айта кету керек, Алмасбек Төкеев 2002-2006 жылдары Атырау қалалық сотына басшылық жасады. Бір кездері басқа мекеменің есебінде болған ғимаратты  уақыт талабына сай толық жөндеуден өткіздірді. Ел ішінде сот саласының беделі артуына мол үлес қосты.

Ал, дүниеден озғанына жуырда бір жыл толған Мәлік Ғабдуллин 2010-2014 жылдары Атырау қалалық сотында төраға болды. Ауған соғысының ардагері. Жауынгерлік «Қызыл жұлдыз» орденінің, басқа да бірқатар медальдың иегері. Сот төрелігін жүзеге асырудағы абыройлы қызметі үшін «Жылдың үздік судьясы» атағын иемденіп, еліміздің Жоғарғы Сотының «Үш би» төсбелгісімен марапатталған. Өмірінің соңына дейін өз қызметін абыроймен атқарды.

Осындай біртуар азаматтарды ел есінде қалдыру мақсатында орнатылған ескерткіш-тақтаны ашу құрметіне облыстық соттың төрағасы Марғұлан Бектұрғанов пен сала ардагері Шағимардан Дәурешов ие болды.

– Өз өмірінде адалдықты бәрінен биік қойған бұл азаматтар не істесе де, қандай шешім қабылдаса да, әр ісін абыроймен атқарды. Құқықтық мәдениеттің көтерілуін мақсат етті, – деді Марғұлан Бектұрғанов.

Жиынға қатысқан сала ардагерлерінің туыстары да сөз сөйлеп, ескерткіш-тақтаның орнатылуына қолдау көрсеткен облыс және қала, облыстық сот басшылығына алғыс білдірді.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз