СУДЫҢ ДА СҰРАУЫ БАР

Немесетарифтіңөсусебебінеде?

Өткен жұма күні қалалық әкімдікте Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев қаладағы  ауыз су бағасының өсуіне байланысты 1300 қол жинаған қала тұрғындарының шағымдары бойынша облыстық, қалалық деңгейдегі салалық органдар басшылары мен мамандарын арнайы жинап, кеңейтілген мәжіліс өткізді.

Мәжіліске сала мамандарынан өзге еңбек ардагерлері, қоғамдық бірлестіктер, кәсіпкерлік субъектілері мен БАҚ өкілдері, қала тұрғындарының белсенді тобы қатысты.

Жалпы алғанда, аталған кездесу көптеген қала тұрғындарын толғандырған жеке мен заңды тұлғалар үшін ауыз су мен кәріз қызметі тарифтерінің 1 тамыздан бастап өзгеруі туралы туындаған сұрақтарға толықтай жауап алуға мүмкіндік берді.

Кездесу барысында «Атырау cу арнасы» КМК басшылығы, жұртшылық өкілдері, кәсіпкерлер, өзгерген тарифтер тұрғысында пікірлерін айтып, әр тарап өз дәйектерін алға тартты.

Қала әкімі судың тарифі ағымдағы жылдың 1 тамызынан бастап 1 литр ауыз суға небәрі 3 тиынға ғана көтерілгенін және тұрғындар үшін 1 текше метр судың құны 101,33 теңгені, заңды тұлғалар үшін 316,72 теңгені құрайтындығын қаперге берді.

Биылғы жылдың бірінші тамызынан бастап енгізіліп отырған ауыз судың жаңа тарифі ҚР Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетімен бес жыл мерзімге, яғни 2020 жылға дейін бекітілген. Жаңа тариф кәсіпорынға суды үнемдеу және оның сапасын көтеру мақсатында жабдықтарды жаңарту жұмыстары енгізілген инвестициялық бағдарламаны жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өту қажет.

Шаһар басшысы өз кезегінде қала тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ететін мекеме «Атырау су арнасы» кәсіпорны 2013 жылдың желтоқсан айынан бері тұрғындарға 1 текше метр су 68,28 теңгемен таратып келгендігін, ал судың өзіндік құны 121,89 теңгені құрағандығын атап өтті.

Сонымен қатар, біздің өңіріміздің күрделі климат аймағында орналасуы себепті, тұтынушыға жеткенге дейін су көп мөлшердегі химиялық реагенттерді қолдана отырып тазартудың бірнеше сатысынан өтеді, ал сол химиялық реагенттердің бағасы соңғы жылдары жыл сайын орташа есеппен 30 пайызға өсіп отыр. Ауыз суды тазартуға тек бір жылға 1500 тонна күкіртқышқылы алюминийі, 302,4 тонна натрий гипохлориті, 1,25 тонна праестол полимері, 12 тонна кальций гипохлориті, 125 тонна сұйық хлор көлемінде химреагенттерге, бұдан басқа, негізгі шығындар электр қуатына жұмсалады.

Аталған ауыз су тарифі құнының көтерілуі ұзақ уақыт бойы келісу процедурасынан өтті. Оның ішінде қоғамдық тыңдаулар мен өкілетті органдар тарапынан болған тиісті тексерулер де бар.

Шаһар басшысы «Атырау су арнасы» кәсіпорны басшылығына жиналғандарға 2014 жылы жүзеге асырылған инвестициялық бағдарламаның қорытындысы мен нәтижесін, сондай-ақ жаңа инвестициялық бағдарламадан қандай нәтижелер күтілетінін тағы да бір түсіндіріп өтуге мүмкіндік берді.

«Атырау су арнасы» КМК директоры А.Ташлыковтың айтуынша бағдарлама аясында сорғылар мен компрессорларды ауыстыру, су тазарту құрылғыларына дизельді станцияларды, сондай-ақ, энергия үнемдеуші жабдықтарды сатып алу жоспарланып отыр. Ең ірі жоба электр және жылу қуатын өндіретін ыстық су мен натрий гипохлоритін алатын арнаулы қондырғысын сатып алу болып табылады.

Аталған қондырғыны сатып алу сумен жабдықтау нысандарында күтпеген жерден электр қуатын ажыратудан құтылуға мүмкіндік береді, өйткені, соңғы кездері «Атырау Жарық» АҚ тарапынан ескертусіз электр қуатын айырып тастау жағдайы жиілеп кетті, яғни 2014 жылы айырып тастау жағдайлары 12 мәрте, 2015 жылғы 1 қаңтар мен 5 тамыз аралығында 10 мәрте болды, ал бұл жалпы алғанда, су дайындау процесіне кері әсерін тигізеді.

Аталған кездесуге қатысқан қоғамдық белсенді топ мүшесі Макс Бокаев:

– Қазақстан Республикасы Индустриялық даму және инвестициялар министрлігінің өнер-кәсіптік қауіпсіздік және даму комитетінің төрағасы А.Ержановтың облысымызға арнайы іссапары кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғ.Дүйсембаев қазіргі кезде «Тұз» ЖШС натрий гипохлоритін шығару және суды тазарту мен залалсыздандыруға арналған өнімді алу бойынша кешенінің іске қосылатындығы және «ТҰЗ» ЖШС өнімін «Атырау су арнасы» КМК бірінші болып сатып алатынын айтқан еді, – деді. Ол су арнасына неліктен бұл жағдайда өзінің қондырғысын сатып алу қажет екені туралы сұрақ қойды.

«Атырау су арнасы» кәсіпорны басшылығы химиялық реагенттерді мемлекеттік сатып алу конкурсына қатысуға барлық тілек білдіруші мекемелерге ашық конкурс жариялау жолымен жүзеге асырылатынын түсіндірді. Аталған қондырғыға қатысты, натрий гипохлоритін алу үшін жекелеген қондырғы сатып алынбайтыны, оның электр, жылу қуаты мен ыстық суды өндіру бойынша қондырғысынан алынатын төрт өнімнің  бірі ғана болып табылатындығы түсіндірілді.

Жалпы, өз сөзінде А.Ташлыков кәсіпорынның залалдылығын төмендету, табыстылығын арттыру, шығын бөлігін қысқарту мақсатында жұмыстар жүргізіп отырғанын атап өтті. Сонан соң кәсіпорын басшысы кәсіпкерлерге арналған жаңа тарифті келтірді:

– Шын мәнісінде, тарифтің өсуі кәсіпкерлердің қызмет көрсетулері құнының деңгейін ескере келсек, олар үшін көп байқалмайды деп дәлел келтірді. – Мысалға, кәдімгі бөлкенан пісіруге 200 мл су қажет, 1 текше метр суға 5000 бөлке пісіріледі, нан құны 45 теңге болғанда, 5000 бөлке наннан түсетін пайда 225 000 теңгені құрайды, ал жаңа тариф бойынша осыған жұмсалған судың текше метрі кәсіпкерге 355 теңгеге (ҚҚС-мен) шығады. Немесе, басқа мысал: көлік жуу орны бойынша. Бір машинаны жууға орташа есеппен 50 литр су қажет, жаңа тариф бойынша жууға жұмсалған судың құны 15 теңгені құрайды, осы жағдайда, бір машинаны жуудан түскен пайда 2,5 мың теңгені құрайды. Қазіргі тариф өсіру жағдайында судың бағасы бәрібір де төмен болып отыр, – деп өз сөзін қорытындылады КМК директоры Андрей Ташлыков.

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы А.Байшаханов тарифтерді өсіруді қолдай отырып, су дайындау жүйелерінің қайта жаңартуды талап етіп отырғанын, өйткені желілердің ескіріп тозығы жеткенін, су тазарту құрылғыларында ескі қуат сыйымды жабдықтардың пайдаланылатынын, дегенмен «Атырау су арнасы» КМК былтырғы жылы ескі сорғыларды энергия үнемдеуші сорғылармен алмастыру бойынша жобаны іске асыра бастағанын, және аталған жұмыстың инвестициялық бағдарламаның іске асыру аясында жалғастырылатынын түсіндіріп өтті. Бұдан басқа, қала жылдан жылға өсіп келеді, жаңа ықшамаудандар мен көп қабатты тұрғын үйлер пайда болып, су тұтыну көлемі ұлғаюда және тиісінше кәсіпорынның залал мөлшеріде өсе түсуде екенін дәйекті пікірмен айтты.

Монополияға қарсы ведомоство жанындағы сараптамалық кеңес мүшесі ретінде көпжылдық тәжіриесі бар Наурызғали Абулхайров шындығына келгенде, су тарифі жоғары болу керек деген сенімде. Олай болмаған жағдайда, кәсіпорын ешқашан пайда алу деңгейіне шыға алмайды.

Мәжілісте тараптардың барлығына да өз пікірлерін білдіруге мүмкіндік берілді. Зейнеткер Қали Әубекеровтің пікірінше, Атырау тұрғындарының алдында кез келген шаруашылық жүргізуші субъект ретінде өз бағаларын көтеруге су арнасы қызметкерлері емес, монополияға қарсы ведомство жауап беруі керек.

Бұрынғы ПИК төрайымы ретінде, қаланың коммуналдық саласымен етене таныс «Демос» үкіметтік емес ұйымының басшысы Тоғжан Ғизатова:

– «Құлагер Жайық» тұрғын үй кешенінде біз 3 жыл бұрын тұрғындардың қаражатына барлық құбырларды ауыстырған болатынбыз. ПИК қызметкерлеріне өз көмектерін көрсеткен Орал қаласының сантехник мамандары үйлерді пайдалануға берген сәттен бастап (үй 2005 жылы салынған) құбырлардың қандай күйге келгенінен шошынған болатын,- деп әңгімеледі.

Ал, Қали Әубекеров, краннан аққан судың құтыларда сатылатын судан ешбір кемшілігі жоқ деп есептейді. Ол мұны тиісті зертханаға өтініш жасап, тексерткен екен.

– Зертханаға тапсырыңдар, сонда өз көздеріңмен көресіңдер, – деп түйіндейді еңбек ардагері: -Көптеген үйлердің су құбырлары ескі, сол себепті оларда лас су жүреді, ал тұтынушы суды шын мәнісінде осындай лас екен деп ойлайды, ол қателеседі.

Қызмет бабымен Еуропаға көп баратын және барған жерінде зейнетақылық қамсыздандыру, коммуналдық қызмет мәселелеріне әрдайым қызығушылық танытатын тәжірибесі мол кәсіпкер Біржан, ондағы қымбатшылық жөнінен мысал келтірді:

– «Онда жалақы мөлшері жоғары дейді, ал бізде төмен деп кім айтады? «Атырау су арнасы» кәсіпорны суды өзеннен тартып, оны тазартып, тұтынушыларға жеткізіп беру бойынша үлкен жұмыстар жүргізіп отыр, оның теңгерімінде көптеген шақырым су құбыры желілері бар. Еліміздің Президенті бізді үнемшіл болуға шақырады. Не бізге таза су қажет емес пе? Келіңдер, осы мәселе турасында жан-жақты ойланып, өз ісімізге жауапкершілікпен қарайық».

Қоғамдық белсенді топ өкілі Макс Бокаев монополистердің жұмысына бақылау жасау бойынша қоғамдық кеңес құруды ұсынды. Бұл жөнінде талай жылдардан бері айтылып жүргенмен, ешқандай қозғалыс жоқ. Бұдан басқа, ол «Атырау су арнасының» энергетиктермен электр қуатын айырып тастағаны үшін мол айыппұл төлеттіру жөнінде ұсынысын білдірді.

Өз кезегінде Андрей Ташлыков бірлесе отырып су сапасын тексеруді, қаланың әр нүктесінен сынама алып, зертханаға жіберуді және қорытындысы туралы қалың жұртшылықты таныстыруды ұсынды.

Мәжіліс қорытындысын шығара отырып, қала әкімі Нұрлыбек Ожаев монополистер жұмысын және олармен көрсетілетін қызметтер сапасын қадағалау бойынша қоғамдық кеңесті құру идеясын қолдады.

Кездесу қорытындыларын түйіндей келе, ауыз су тарифтерін өсірудің суды үнемдеу деңгейін көтеруге, оның сапасын жақсарту мен елімізде жүргізіліп отырған «Жасыл экономика» саясатын іске асыруға бағытталған қажетті қадам деп түсінген абзал.

 

Бағила САҒЫНДЫҚҚЫЗЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз