ҰСТАЗДЫ ШӘКІРТТЕРІ ҰЛЫҒЫЛАДЫ

Құлсары қаласындағы «Кең Жылыой» мәдениет үйінде ҚР Халық ағарту ісінің үздігі, Жылыой ауданының Құрметті азаматы Нұр-Мұхаммед Есенәліұлының

85 жасқа толу құрметіне арналған «Ұстазға – тағзым» атты сазды кеш өтті.

Аудандық әкімдік пен білім беру бөлімінің бірлескен бұл шарасының ерекшелігі – қариялыққа жеткен ұстаздың бірнеше буын өкілдерінен құралған шәкірттерімен бетпе-бет кездесуі. Сондықтан болар, самайларын ақ шалған, ақ шашты ата-әжелердің шәкірт ретінде сахнаға көтеріліп, мерейгерге тілек арнауы жиналғандарға, әсіресе, мектеп оқушылары мен колледж түлектері үшін қызық болды. Аудан әкімінің орынбасары Нұрадин Өмірбаев ақ тілегін білдіріп, ардагер ұстаздың иығына құрметпен шапан жапты, Тойған әжемізге де камзол кигізіп, гүл шоқтарын ұсынды.

Жалпы, Н.Есенәліұлы – бүкіл саналы ғұмырын жас ұрпаққа білім мен тәрбие беруге тұтастай арнаған санаулы тұлғалардың бірі. ҚазМУ түлегі ұзақ жылдар бойы Абай, Чехов мектептерінде және Қамыскөл мектеп-интернатында оқу ісінің меңгерушісі, директоры міндеттерін қалтқысыз атқара жүріп, абырой арқалады.

Кездесу барысында ардагердің осындай өнегелі қызметі мен адамдық, азаматтық тұлғасын сан қырынан ашқан аудандық білім беру бөлімі меңгерушісінің орынбасары Жанар Қазиева, «АтырауЖарық» АҚ ардагері Қадыр Дәужан және «Жылыоймұнайгаз» мұнай-газ өндіру басқармасының басшысы Мақсот Нәукенов қарт ұстазға жүрекжарды лебіздерін арнап, ескерткіш сыйлықтар сыйлады, емдеу-сауықтыру орнына жолдама ұсынды.

Нарында туған нар тұлғаны қарттыққа мойынсұнды деп тіпті де айта алмайсың, әлі де тың, һәм қимылы ширақ. Ауданның қоғамдық өмірінде болып жатқан іс-шаралардан әсте шет қалған емес.

Қаржау Оразбаев,

меншікті тілшіміз.

Жылыой ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз