Жарнама
Жаңалықтар

Созылған құрылыс, сарылған жұрт

Атырау қаласында соңғы жылдары жол инфрақұрылымын жаңарту бағытында бірқатар жоба қолға алынғанымен, олардың уақытында аяқталмауы тұрғындар наразылығын туындатып отыр. Әсіресе «Жұлдыз» шағынауданы мен Құттығай батыр көшесіндегі жол құрылысының созбаққа салынуы көлік жүргізушілері мен жолаушыларға қолайсыздық туғызып, қоғамдық резонанс туғызды. Осыған орай «AMANAT» партиясының облыстық филиалы жанындағы Партиялық бақылау комиссиясы мен қалалық мәслихаттағы партия фракциясының мүшелері жол салып жатқан мердігер компаниялардың жұмысына рейд ұйымдастырды.

Жобадағы қателік

Рейд әуелі қаланың солтүстік бағытындағы Қайыршақты ауылдық округіне қарасты «Жұлдыз» шағынуданы мен Томарлы ауылдарын бөліп жатқан «Атырау-Индер» тасжолының құрылысымен танысудан басталды. Биыл көктемде басталған ұзындығы 5 шақырымнан астам тасжол уақытында аяқталмай, қалаға қатынайтын көлік жүргізушілері мен жолаушылар қиындық көріп келеді. Ал қыс жақындаса да, құрылыс әлі де мардымды емес.

Осы жолмен жиі қатынайтын «Ақсай-1» ауылының тұрғыны Азамат Есбосынов жол бойында жүйелі жұмысты көрмегенін айтып ашынды.

c5fd2c7e adf2 48ee 82c0 10156029e9bc

– Жол бойында техника тұр, бірақ жұмыс істеп жатқан адам жоқ. Қазір айналма жолмен жүру де қиындап кетті. Көліктер де қайта-қайта бұзылып жатыр, өз көлігімді төрт-бес рет жөндеуге апардым. Әсіресе жүріс бөлігі көп бұзылады. Жол кедір-бұдыр. Түнде жарық та жоқ, бұл өте қауіпті ғой. Біз үнемі айтып келеміз, бірақ нәтиже жоқ. Егер жақын арада бұл жол бітпесе, ең болмаса қазіргі күйінде ашып қою керек деп ойлаймын. Жол апаты болып, адам зардап шеккеннен кейін ғана қозғалыс бола ма деп қорқамыз. Тиісті қаражаты бөлініп жатыр дейді, сол ақша қайда кетіп жатыр сонда?! — деді ол.

Жол құрылысына жауапты

«Атырауинжстрой» ЖШС жобаларды даярлау басқармасының басшысы Зайни Мұстажаповтың айтуынша, «Атырау-Индер» тасжолының алғашқы 10 шақырымының құрылысы 2017 жылы басталған.

– Әзірге 4,7 шақырым жол салынып тұр. Сосын жобада кемшіліктер бары анықталды. Мәселен, жарықтандыру мен айналма жол қарастырылмаған, инженерлік коммуникациялар енгізілмеген. Бағаның өсуіне байланысты да түзетулер қажет болды. Жобаның әу бастағы құны 4,8 миллиард теңге болды. 2023 жылдан бері жоба қайта түзетуден өтуде. Қазір сараптама жасалып жатыр, құжаттама толық дайын емес. Содан соң жобаның бағасы өзгереді, — деді З.Мұстажапов.

Мердігер компания өкілі жолдың 1 шақырымнан астам бөлігінде әзірге жолдың астын дайындау жұмыстары аяқталғанын, енді тек асфальт төсеу қалғанын айтты.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығалидың айтуынша, мердігер компания қала ішіндегі Әбілқайыр хан даңғылынан «Авангард» шағынауданы бағытына бұрылатын жерде асфальт төсеп жатыр. Сол жердегі шамалы жол бөліктері мен жолайрығы маңындағы жұмыстар өткен аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланған. Қ.Қабдығали сосын «Жұлдыздағы» жол құрылысына жан бітетінін айтқан еді.

– Беткі қабатты әзірге салмай, жолды астыңғы қабатымен ашу жоспарымызда бар. Негізі бұл түзету жұмыстары қыркүйек айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ жобаны әзірлеп жатқан «Шыңдау» мекемесі бірнеше рет сараптамадан өте алмай қалды. Сараптама тарапынан бірнеше ескерту берген соң, жоба кері қайтарылған. Бұл жобада «Атырау жарық» компаниясы тарапынан да сұрақтар туындап, біраз уақыт кідіріс болды. Қазір сол ескертулер толық түзетіліп, қайта енгізілді, — деді бас маман.

Тоғыз жолдың торабы саналатын бұл жолдың кешеуілдеуіне байланысты бірнеше сатылы құрылымдарға хат жазып, депутаттық сауалдар жолдап, жиналыстарда мәселе көтеріп жүрген қалалық мәслихаттың депутаты Юрий Ли уәде берілгенімен, тиімді жұмыс жасалмай отырғанын айтты.

– Алғашқыда мәселе электр желілеріне байланысты деп түсіндірілді. Арнайы комиссия да келіп қарады. Бірақ іс созылып кетті. Негізгі мәселе жобалау компаниясында болып отыр. Өйткені олар жобаны өздері жасаған, бірақ ішінде қателік көп. Кейін қосымша өзгерістер енгізіліп, қайта түзетуге жіберілді. Сол үшін тағы да ақша төленген. Ал мемлекеттік сараптама бірнеше рет кері қайтарған. Сондықтан құрылысшылар толыққанды жұмысқа кірісе алмай отыр. Себебі сараптамадан өткен соңғы бекітілген жоба жоқ. Олар өз бетінше бастаса да, ертең ол жұмыс қабылданбайды. Сондықтан мердігерлердің де қолы байлаулы, — деді Юрий Алексеевич.

Кедергілер кімге керек?

Сонымен қатар, Құттығай батыр көшесіндегі қайта жаңғырту жұмыстары да сортаң топырақты телімдер мен коммуналдық желілердің орналасуына байланысты кешіккен. Қазір бұл бағыттағы жұмыс қайта жанданыпты. Бұл жолдың құрылысы биыл 20 шілдеде басталған. Қазір мұнда 7 техника, 5 жұмысшы мен инженерлік-техникалық құрам жұмыс істейді. Учаске бастығы Айдос Әженовтың айтуынша, бүгінде жол астындағы барлық инженерлік коммуникация желісі толық ауысыпты. Қосымша қаптамалар орнатылып, қажетті инженерлік жұмыс реттелген.

– Қазір жаяу жүргінші жолының жабындысы мен винилді жалғаушы сым материалдарын төсеу жұмыстары ғана қалды. Жобаға ешқандай өзгеріс енгізілген жоқ. Құрылыс материалдары үздіксіз жеткізіліп тұр. Биыл жолдың бірінші қабатын толық аяқтап, пайдалануға беруге жұмыстанып жатырмыз, — деді учаске бастығы.

Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Қуанышбек Қабдығали бұл көшеде де өндіріс жұмыстарының кестесі бойынша белгілі бір деңгейде кешігу барын жасырмады. Оған жер қазу жұмыстары және жолды төрт жолақты етіп кеңейту барысында да біршама проблема туындаған. Негізінен көше бойындағы коммуникациялар едәуір кедергі келтіріпті.

Асфальттау барысымен танысқан қалалық мәслихаттың депутаты Қаршыға Жауымбаев кез келген құрылыс нысанына жер берілгенде, оның астында не бар екенін жауапты адамдар тексермейтіндігін ашық айтты. Құрылыс жұмысы сол себепті кешеуілдейді екен.

– Мұндай жағдай болмас үшін әуелі топографиялық түсірілім жасау қажет. Ол жердің асты мен үстін нақты анықтап, жобалау кезінде қателіктерге жол бермеуге мүмкіндік береді. Қазір кейбір жерлерге құрылыс салынып кеткен, оған да аз ақша жұмсалған жоқ. Сондықтан, жер бермес бұрын және құрылыс басталмас бұрын барлық инженерлік зерттеулер мен топографиялық түсірілім жүргізген жөн, — деді Қаршыға Елемесұлы.

Қаладағы жол инфрақұрылымы – тұрғындардың күнделікті тұрмысына тікелей әсер ететін маңызды сала. Сондықтан жол құрылысы мен жөндеу жұмыстарының сапасы мен мерзімін қатаң бақылауда ұстау – уақыт талабы. Партиялық бақылау комиссиясы жасаған рейд барысында анықталған кемшіліктер мен кідірістердің нақты себебі айқындалып, жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар берілді. Ендігі мақсат – ұзаққа созылған жобаларды созбаққа салмай, халық игілігіне тезірек берілуін қамтамасыз ету.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттерді түсірген автор

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button