СӨЗ БЕН ІСТІҢ БІРЛІГІ

«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының соңғы үш жылда жеткен жетістіктері қандай? Биылғы қысқа әзірлік жұмыстары қандай деңгейде? Тұтынушыларға қойылатын баға тарифтері өзгеріссіз қала ма? Міне, осы және өзге де сауалдарға кезекті баспасөз туры барысында «Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының президенті Нұрадин Шамшатов жауап берді.

 

Инновация  иірімдері

Инновациялық бағдарламалар жергілікті кәсіпорындарда қалай жүзеге асырылып жатыр? Осыны білу мақсатында Табиғи монополияны реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облысы бойынша департаменті өзіне қарасты субъектілерді жергілікті журналистермен бірге аралап шығуды қолға алды. – Мұндай баспасөз турларының мақсаты – жергілікті кәсіпорын мекемелерінің ағымдағы жағдайы, келешек дамуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарын модернизациялау жұмыстарының атқарылуы және олардың коммуналдық тарифтерінің қалыптасуына әсер етуі жөнінде нақты ақпарат беру. Осыдан кейін бекітілген кестеге сай «Атырау-Жарық», «Атырау су арнасы», «Атырау жылу орталығы», «Жылойгаз» және «Жылой су» мекемелерінің жұмысымен танысатын боламыз, – деді департамент басшысы Асылбек Аламанов. Диспетчерлік қызмет орталығының басшысы Жұмахмет Елемесов кәсіпорынға қарасты қаладағы 56 нысанның 45-і жылу нысандары да, қалғаны магистральды желілер екенін айтты.

«Атырау жылу жүйелері» акционерлік қоғамының президенті Нұрадин Шамшатұлы алдымен 2012-2014 жылдарға арналған инвестициялық бағдарламаның Атырауда қалай орындалып жатқандығына қысқаша тоқталды.

Қазір республика және облыс көлемінде әлеуметтік-экономикалық сала кәсіпорындарын дамыту өте маңызды. Осы мақсатта 2011 жылы «Атырау жылу жүйелері» АҚ-ында 2012-2014 жылдарға арналған жаңадан инвестициялық бағдарлама қолға алынды. Ол ҚР-ның 1998 жылғы 9 шілдедегі «Табиғи монополиялар және реттелетін нарық туралы» Заңының 15-3 бабына сәйкес қабылданды. Түптеп келгенде, бұл облыс орталығындағы тұтынушыларды жылу энергиясымен сенімді түрде қамтамасыз етуге алғышарт жасады. Яғни, тозығы жеткен жабдықтар мен магистральды желі құбырлары, автотранспорттар мен арнаулы механизмдер толықтай жаңартылды. Магистральды желілердің өткізу қабілеті артып, гидравликалық режим жақсарды. Бұл жылу желілеріне жаңа нысандарды қосуға мүмкіндік туғызды.

Ал, жылу энергиясының шығынын кеміту үшін не істедік? Энергия көзін үнемдеу мақсатында құбыр изоляциясына озық әдістерді енгіздік және құбыр бойына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргіздік. Сонымен бірге, жылу жүйесін диспетчерлендіруді жетілдіріп, орталық жылу бекеттерінің жұмысы мен жылу тұтыну барысын жіті бақылауға алдық, – дейді Нұрадин Шамшатов.

Жаңа нысандар –  табыс қайнары            

– Инвестициялық бағдарлама шеңберінде кәсіпорында қандай жұмыстар атқарылды?

 – Бағдарламаға сәйкес, жалпы құны 909,14 миллион теңге болатын 20 шараны жүзеге асыру жоспарланды. Бұл шаралар 2012-2013 жылдарда толықтай орындалды. Атап айтқанда, 2012 жылы орталық көпір астындағы бұрынғы жылу құбырына қосымша ретінде диаметрі 426 мм болатын екінші желі жүргізілді. Оған 204,3 миллион теңге қаржы жұмсалды. Учаскедегі құбырдың жылу өткізу көлемі артып, қаланың оң жақ бөлігі мен «Нұрсая» ықшамауданындағы тұрғын үйлер, жаңа әлеуметтік нысандар орталық жылу желісіне қосылды. Жылу құбыры бойындағы гидравликалық режім де әлдеқайда жақсара түсті. Бұл дегеніңіз – жылу жүйесінің соңғы нүктесіне дейін жылу қуатын сақтауға қол жеткізілді деген сөз.

«Атырау жылу-электр орталығының» жылу қуатын қаланың шығыс бөлігінде орналасқан Вокзал маңы ықшамауданындағы нысандарға тарату соңғы екі онжылдықтағы басты мәселе болатын. Осы бағытта былтыр диаметрі 325 миллиметрлік ұзындығы 1100 метр желі кәсіпорын күшімен 530 мм диаметрлі жаңа желіге ауыстырылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз