
Сочи сахнасында жарқыраған қазақ қызы
Жуырда Ресейдің Сочи қаласында сән өнерінің мэтрі Георгий Кот ұйымдастырған шаш, бет және тырнақ әрлеу шеберлері арасындағы Әлем чемпионаты өтті. Әлемнің 50-ден аса елінен келген 5 мыңға жуық шебер бақ сынаған бұл үлкен додада атыраулық шаш стилисі Әйгерім Өткелбаева үздік ондықтан көрініп, ел намысын абыроймен қорғады. Біз Тәуелсіздік күні қарсаңында талантты маманмен осы жарыс, оның дайындығы, мансап жолы және болашақ жоспарлары туралы сұхбаттастық.

— Әйгерім Нұрланқызы, ең алдымен жарыс жайындағы жалпы әсеріңізбен бөліссеңіз…
— Бұл чемпионат мен үшін сөзбен жеткізу қиын эмоция мен тәжірибе сыйлады. 5 мыңға жуық әлемдік деңгейдегі шеберлердің арасында өнер көрсету — әр маманның арманы. Осындай ауқымды додадан үздік ондықтан көріну — мен үшін үлкен жетістік әрі өз күшіме деген сенімді арттырған сәт болды. Сахнаға шыққанда әр елдің атынан келген мамандардың кәсібилігі мен талантын көріп, ерекше рухтандым.
— Мұндай деңгейдегі байқауға дайындық қалай өтті?
— Дайындық өте күрделі болды. Тренеріміз Ерлан Айнабеков бізді алты ай бойы күнделікті қатаң режиммен жаттықтырды. Бір бейне, бір образ немесе бір шаш үлгісі бірнеше күнге созылатын жұмыс. Әр бұрым, әр шашағың, әр деталің мінсіз болуы тиіс.
Салонда істейтін күнделікті жұмыс пен байқауға дайындық — мүлде екі бөлек дүние. Байқау — шебердің кәсіби деңгейін халықаралық аренада дәлелдейтін сын.
Сондықтан менде ұйқы аз, жұмыс көп болды. Соған қарамастан, нәтижесінде сегізінші орын алу — үлкен еңбек пен қажырдың жемісі.
— Байқау барысы қандай болды? Қай кезең ерекше есте қалды?
— Ең есте қалған сәт — сахнаға алғаш шыққан уақыт. Қазылар алқасының құрамы — өз саласының айрықша шеберлері, әлемдік деңгейдегі белгілі стилистер. Олардың алдында өз жұмысымды көрсету мені ерекше толқытты.
Байқауда әр қатысушыға уақыт беріледі, дәл сол уақыт ішінде өз өнеріңді паш етуің керек. Уақыт — өте қымбат. Сол қысқа сәтте өз талантыңды да, стиліңді де көрсетуің қажет.
— Әлемнің 50 елінен келген мамандармен тәжірибе алмасу сіз үшін несімен ерекше?
— Бұл — баға жетпес тәжірибе. Әр елдің мамандары өнерге басқа қырынан қарайды. Біреуі техниканы мінсіз меңгерсе, енді бірі креативке ерекше мән береді. Әр стиль, әр жұмыс жаңа нәрсе үйретеді.
Чемпионат кезінде халықаралық деңгейдегі стилистермен жақын танысып, олардың жұмыс әдістерін көріп, қолданатын құралдары мен техникаларын талдадық. Бұл тәжірибе мені жаңа идеяларға жетеледі.

— Сіз биыл өткен Өзбекстандағы “Шелковый путь” чемпионатында да жүлделі болдыңыз. Бұл жарыс қалай өтті?
— Өзбекстанның Хорезм облысындағы тарихи Арда Хива қаласында өткен бұл чемпионат та ерекше болды. Шаш, макияж және тырнақ сервисі бойынша әр елден келген мықты мамандар өнер көрсетті. Сол додада III орын иелену — мен үшін тағы бір мотивация.
Әр жарыс мені шыңдайды, кәсіби деңгейімді көтереді. Елімнің атынан шығу — үлкен жауапкершілік, мен сол жауапкершілікті жүрегіммен сезінемін.
— Сіздің кәсіби жолыңызда жетістікке жетудің сыры неде деп ойлайсыз?
— Әрине, ең бірінші 2 пайыз талант болса, 98 пайыз — еңбектену. Қандай істі бастасаң да, жүрекпен, адал ниетпен жасасаң, оның нәтижесі болады. Өзімді үнемі дамытуға, жаңа трендтерді зерттеуге, оқуға көп көңіл бөлемін.
Сұлулық индустриясы үнемі жаңарып жатқан сала. Егер жаңалықтан қалып қойсаң — бәсекеге қабілетті болмайсың. Сондықтан тұрақты түрде оқып, біліктілігімді арттырып отырамын.
Тағы бір атап өтерлігі, бүгінгі біз жеткен жетістіктер — Тәуелсіздіктің жемісі деп білемін. Осы баға жетпес байлығымыздың арқасында Қазақстанның өзге елдермен иық тіресе алуының нәтижесінде біз шетелдерге шығып, өз мүмкіндіктерімізді кеңінен көрсете алып жүрміз. Егемен елдің көк байрағы қашан да көкте желбірей берсін деген тілегім бар.
— Болашаққа қандай жоспарларыңыз бар?
— Алдағы мақсатым — халықаралық чемпионаттарға қатысуды жалғастыру, шаш стиліндегі жаңа техникаларды меңгеру. Сонымен қатар шәкірт тәрбиелеу ісін одан әрі күшейткім келеді. Өз саламызда тәжірибеммен бөлісу — үлкен міндет.
Еліміздің сұлулық индустриясы әлемдік деңгейде мойындалуы үшін әрі қарай да еңбек еткім келеді. Қазақ шеберлерінің, соның ішінде қазақ қыздарының таланты ешкімнен кем емес екенін әлемдік деңгейде дәлелдей түсу — мен үшін басты миссия.
— Сән индустриясында жүрген жас мамандарға қандай кеңес берер едіңіз?
— Ең бастысы — өз ісіңе деген махаббат. Әр маман ешқашан тоқтап қалмау керек. Күн сайын жаңа нәрсе үйреніп, өзіңді дамытуға уақыт бөлу маңызды. Табандылық пен еңбектің арқасында ғана биіктерді бағындыруға болады.
Тағы бір маңыздысы — ұстаздың жол көрсетуі. Мықты тренер, дұрыс бағыт — маман ретінде қалыптасудың негізгі бөлігі. Тренер дегеніміз — көшбасшы. Ал көшбасшы тек қана өзінің кәсіби жетістігін алға қоймайды, ол артындағы шәкірттерін алға сүйрейді. Үйретуден тынбауы керек. Міне, менің тренерім Ерлан Айнабеков — нағыз осындай көшбасшы. Оның артынан ере жүріп, мен әлі талай биікті бағындыратыныма сенемін.
— Әйгерім Нұрланқызы, сіздің негізгі мамандығыңыз журналист екенін білеміз. Осы шығармашылық жұмысқа бет бұрғыңыз келмей ме?
— Иә, менің алғашқы мамандығым — журналист. Бала кезімде ата-анам газет-журналдарға жиі жаздырушы еді. Әкем аудандық, облыстық газеттердің жаңа санын күтіп, оқитын. Сол кездегі журналистердің мақаласын оқып беріп, мені осы салаға қызықтырушы еді. Кейін журналистика мамандығына оқуға түсіп, студент кезімде телеарнада қызмет етсем деуші едім. Сонымен қатар бала кезден пішіп, қиып, тігуге де қызығушылығым жоғары болды. Сөйтіп, өмірдің кезеңдері мені журналистикаға емес, сән индустриясына алып келді. Әзірге осы саланың қыр-сырын ақтарып жүрмін. Шынын айтсам, дәл қазір менде журналистикаға бет бұрып кетейінші деген ой жоқ. Бірақ журналистер маған қашан да ыстық. Қолдан келгенше оларды әрдайым қолдауға дайынмын.
— Сіздің табыстарыңыз — қажырлы еңбегіңіздің, шығармашылық ізденіс пен кәсібіңізге деген үлкен сүйіспеншіліктің жемісі. Ал әлемдік деңгейде танылып, үздік ондықтан көріну — аймақтың да мақтанышы екені сөзсіз. Сондықтан сізге лайым сәттілік, жеңіс пен жарқын жетістіктер тілейміз. Қашан да ел абыройын асқақтата бергейсіз! Сұхбатыңызға бек рақмет!
— Рақмет!
Сұхбаттасқан Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА



