«Сникерс» сатудан бастаған

«Сникерс» сатудан бастаған Жаңалықтар

Қызықты қараңыз, қазыналы өңірдегі 23 мың кәсіпкерлік нысан – іскер арулардың білікті басқаруында. Соңғы бес жылда бұл көрсеткіш он есе өскен. Мемлекет тарапынан оларға көрсетілетін қолдау да аз емес. Қиын-қыстау кезеңдердің ызғарына тоңып, ыстығына күйген олар – бүгінде бір-бір кәсіп иелері. «Бизнесмен» қосымшасында біз олардың бірқатарының  табысқа  жету жолдарын көрсетуді жөн көрдік.

«Сникерс»  сатудан  бастаған

Аймақта мемлекетіміз тура тәуелсіздік алған жылы бизнес бастаған әйелдер де бар. Солардың ішінде, ала дорба арқалап мұхит асқан Әминат Мұхитованың жөні бір бөлек. Ол кезде кәсіпкерлік түгіл, базар мен дүкеннің өзі ұғымда болмаған. Кеңес үкіметі тараған соң, бірқатар кәсіпорындар мен мекемелер жабылып, өндіріс тоқырады. Ішерге ас, киерге киім болмады. Соған қарамастан, тәуекелге бел буған аналар бөбектерін үйде қалдырып, шалғай елдерден тірнектеп азық-түлік пен киім-кешек тасыды.

«Сникерс» сатудан бастаған

– Тоқсаныншы жылдары облыстық тұтынушылар одағының қызметкерлерге он сом беріп, есеп айырысқаны әлі есімде, – дейді байырғы саудагер бізбен әңгімесінде. – Кейін сол мекеменің екі дүкенін сатып алатынымды кім білген десеңізші?! Рас, әуел баста сауда-саттық дегеннен еш хабарым болмады. Үлкен ұлым Алматыға оқуға түскенде, айына үш мәрте қасына барып, тамағын тасыдым. Жол-жөнекей ала дорба асынған әйелдерді көріп, «бұларың не?» деп сұрадым. Олар саудамен айналысатындарын айтты. Осылайша, менің саудаға деген қызығушылығым арта бастады.

Қолда бар он соммен бизнес бастаған оның әңгімесі ертегідей көрінеді, бірақ, шындығы сол. Ол үйінің маңынан дәптер-қалам мен жаңадан шыға бастаған «сникерс» тәттісін сатқанын айтады. Мемлекеттік қызметкер болып еңбек еткен жұбайы да зор қолдау білдіріпті. Сөйтіп, он жылда кәсібі өркендеп, мал өсірумен айналысатын «Арай» шаруа қожалығын қолға алады. Біртіндеп «Камаз» көлігіне де қолы жетеді. О бастағы шағын кәсібі кейін отбасылық сипат алады.

Еңбегі еленіп, 2014 жылы Елорда төрінде «Ұлт даңқы» орденімен марапатталды. Тіпті, тәуелсіздігіміздің ширек ғасырлық мерейтойында Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы атанды.

Қарамағында 600  адам  бар

Еліміздің батыс аймағындағы тұрғындардың тыныштығын қорғаушы күзет мекемесінің басшысы Гүлмира Жұмағалиева – бизнеске батыл қадам басқан кәсіпкер. Оның бұл кәсіппен айналысып жатқанына биыл он жыл. Бүгінде азаматқа бергісіз күзет қызметін мүлтіксіз ұйымдастырып отырған оның ерлігіне таң қалмай көріңіз!

– Өзім бала кезімнен тәртіп сақшысы болуды армандаған едім. Есейе келе күзет қызметіне деген қызығушылығым оянды. Тағдыр қалауымен қарапайым психолог мамандығы бойынша оқуға түстім. Кейін қосымша экономист пен заңгер мамандықтарын игеріп алдым. Әйтсе де, Ұлттық қауіпсіздік органдарында қызмет етуді армандадым. Өкінішке орай, отбасым, әсіресе, үш жасқа дейінгі балаларым болғандықтан мені ол жердегілер қабылдай қоймады. Сөйтіп, жеке кәсіп ашуға бел будым. Ол үшін тәжірибе керек болды. Осы мақсатпен 2000 жылы Алматы қаласына аттанып, қажеттінің бәрін үйрендім.

Сол кезде маған «неге ірі мекемелердің бас кеңсесі тек Астана мен Алматыда орналасуы тиіс, Атырауда да оған мүмкіндік туғызу керек» деген ой келді. Сөйтіп, 2007 жылы кәсіпкерлікке тіркеліп, жеке күзет фирмасын аштым. Өйткені, күзет жүйесін ұйымдастыру, бейнебақылау құрылғыларын қондырудың қыр-сыры маған жақсы таныс. Мұнайлы шаһардың әр көшесі мен қиылысын бес саусағымдай білемін. Біреулер халыққа көрсетіп жатқан қызметін жарнамалап жатады ғой, маған бұл қажет емес. Себебі, атыраулықтар біздің мекеме қызметкерлерінің жауапкершілікті жете сезінетінін біледі, қалтқысыз сенеді. Әрі біз облыстық ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс жасаймыз. Біздің дабылқаққыштар алыс аудандарда орналасқан «Қазпошта», «Ломбард» кеңселеріне орнатылған. Оқыс оқиға орын алған жағдайда аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлері аяқтарынан тік тұрады, – дейді ол.

Қарамағында 600 адам бар

Гүлмираның күзет фирмасы түрлі банк ұйымдарымен қатар, «ҚазТрансОйл» секілді ірі мекемелермен де тығыз жұмыс жасайды. Өзге өңірлерден де бөлімшелер ашылған. Қарамағындағы 600-ден астам қызметкердің түгелге жуығы – ер азаматтар. Қазір «Қауіпсіз қала» деген жаңа жоба енгізілгелі жатыр. Бұл дегеніңіз, көп қабатты үйлерді заманауи дабылқаққыш құралдармен қамту деген сөз. Оның сыртында, «Ақылды қала», «Ақылды үй» бағдарламалары да іске қосылатын болады.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз