«SMART GRID» СЫНҒА ТҮСЕДІ

Орталық Коммуникациялар Қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев кезекті брифингте сәуірдің алғашқы аптасында өтетін шаралармен таныстырды.

Атап айтқанда, 2 сәуір күні Сенатта Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінің төрағасы Серік Ақылбай мен әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің төрағасы Ахан Бижанов БҰҰ-ның дін бостандығы жөніндегі арнайы баяндамашысы Хайнер Билефельдтпен кездесіп, осы күні спикер Нұрлан Нығматуллин Мәжілістің пленарлық отырысын өткізеді. Сондай-ақ, 3 сәуір күні еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов Ресей Федерациясына ресми сапармен барады. Сапар аясында екі ел арасындағы халықаралық деңгейдегі маңызды мәселелер талқыға салынады деп күтілуде.
Орталық Коммуникациялар Қызметінің брифингіне келген «ЭКСПО–2017» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасы Талғат Ермегияев ауқымды шараға байланысты БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап қайтарды. Көрме үшін белгіленген аумаққа «Астананың жаңа технологиялар мен инновациялар қолданылатын бірегей бөлшегі» деп баға берген Т.Ермегияев қалашықтың жаңартылған энергия көзінен қуат алатын алғашқы нысанның бірі болуы мүмкін екендігін жеткізді. «Smart Grid» деп аталатын бұл жүйе қалашық учаскесіндегі сумен жабдықтау және электр қуатымен қамтамасыз ету желілерін мониторингілей алатын «ақылды жүйе» болып табылады. Түсіндіргендей, ол арқылы ЭКСПО аумағында орналасатын инфрақұрылымды және оның қауіпсіздігін толықтай бақылауға болады.
– «Астана ЭКСПО–2017» компаниясы үлкен маңызды іс-шараны күтіп отыр, биыл маусым айында халықаралық көрмелер бас ассамблеясында біздің мамандандырылған көрменің тіркеу құжаты қаралады. Одан кейін біз халықаралық бюроның жалауын аламыз және қатысушыларды тіркеуді бастаймыз. Осымен бір мезгілде ЭКСПО қалашықтың құрылысы басталады, – деді ол.
Ал, көрмені өткізудің нақты құны шамамен екі аптадан кейін белгілі болмақ. Ол техникалық-экономикалық негіздеме бойынша анықталмақ. Қалай болғанда да, көлемді шара жұмсалған шығынды ақтайды деп есептелген. Сондай-ақ, «ЭКСПО-2017» кезінде жиырма мың жұмыс орны ашылады деген болжам бар.

Құралай ОРАЗ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз