
Швейцариялық вагондар Атырауға қатынайды
«Астана–Атырау» теміржол бағыты – батыс пен орталықты жалғайтын маңызды қатынас жолы. Сондықтан бұл бағыттағы қызмет сапасын арттыру – жолаушыларға көрсетілетін қызмет деңгейін жақсартып, елішілік көлік инфрақұрылымын жаңғыртудағы маңызды қадам.

Биыл жыл соңына дейін бұл бағытқа заманауи, швейцариялық лицензия бойынша Қазақстанда құрастырылған Stadler вагондары шығарылады. Жолаушыларға жайлы әрі сапалы сапар ұсыну мақсатында жаңа вагондарда біраз артықшылық қарастырылған. Атап айтқанда, жаңартылған азық-түлік жиынтықтары, қолайлы жағдайлар мен заманауи стандарттарға сай төсек-жабдық ұсынылады. Бұл өзгерістер жолаушыларға жайлылық пен жоғары сервис деңгейін қамтамасыз етуді көздейді. Айта кетерлігі, бір вагонның құны – 700 миллион теңге. Бұл швейцариялық түпнұсқадан шамамен екі есеге арзан.
Алғашқы жаңа Stadler вагондары желтоқсан айының ортасынан асқан соң жолға шығуы мүмкін. Бұл үшін барлық қажетті сынақтар мен сертификаттау рәсімдері сәтті өтуі тиіс. Егер барлық техникалық талаптар мен қауіпсіздік стандарттары орындалса, жаңа үлгідегі вагондар жақын арада елдің басты бағыттарының бірінде қызмет көрсете бастайды.
Айкербез СҰЛТАНОВА
Сурет: rail-news.kz

