ШҰҒЫЛ: Атырауда арзан бағамен азық-түлік сатылып жатыр!

screenshot 20201209 144856 Жаңалықтар

Атырауда әлеуметтік маңызды тауарлар нарықтағы бағадан 10-15 пайыз арзан сатылуда.

Атырауда тұрақтандыру қоры азық-түліктің төмен бағада сатылуын қамтамасыз етіп отыр. Себебі, аймақ басшысы Махамбет Досмұхамбетов тиісті мекемелерге әлеуметтік маңызды тауарлар бағасын тұрақты ұстау үшін қатаң қадағалауда тапсырған болатын,- деп хабаралайды Атырау облыстық коммуникациялар қызметі.

Атырау облысына азық-түлік пен көкөніс, жеміс-жидек пен тағамдардың барлығы дерлік өзге өңірлер мен сырттан әкелінеді. Сондықтан жергілікті билік бағаның бассыз кетпеуі үшін тұрақты бақылап отырады. Облыс әкімінің тапсырмасына сай, әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын тұрақтандыруға қатысты қажетті тетіктер жасалған. Атап айтқанда,
«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясымен арада жасалған келісімге сәйкес, қазіргі таңда әлеуметтік маңызы бар тағамдар он бес аталым бойынша көптеген сауда нүктелерінде төмен бағада сатылуда.

«Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік жобаларды іске асыру департаментінің менеджері Азамат Айтпаевтың айтуынша, ​ «Идеал маркет» ЖШС-мен арада биылғы жылдың 5 мамырында 400 миллион теңгеге келісім-шарт жасалды.

«Келісімге сәйкес, аталған серіктестіктің 36 супермаркет желісі арқылы әлеуметтік маңызы зор тағамдар 15 аталым бойынша сатылуда. Тауарлардың бағасы Атырау облысы әкімдігі бекіткен нарықтан 10-15 пайызға төмен» дейді спикер Азамат Айтпаев.

Қазіргі таңда «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының балансындағы Тұрақтандыру қорында жергілікті көкөніс өнімінің 605 тоннасы сақталып отыр.

«Сондай-ақ жергілікті «Агрофеликс» шаруа қожалығымен арада жасалған келісім-шартқа сәйкес, қоймада 361 тонна картоп, 79 тонна пияз, 49 тонна сәбіз, 114 тонна орамжапырақ сақтаулы. Барлық өнімдер қыс мерзімінде «Насиха», «Көктем», «Дина», «Сарайшық» базарлары арқылы сатылымға шығарылады» дейді ​ «Атырау» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясының Мемлекеттік жобаларды іске асыру департаменті директорының міндетін атқарушы Гүлмира Меңдалиева.

Жергілікті билік сондай-ақ болашақта азық-түлік бағасын арзандату үшін ауыл шаруашылығын дамытуға күш салуда. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы сонымен қатар, кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің жүктеген міндеттеріне сәйкес, қазір салада субсидиялау мен арзан кредит беруден бастап көптеген кешенді жұмыстар қолға алынып жатқанын айтады.

Еске сала кетелік, облыстық тұрақтандыру қоры арқылы нарықтағы бағадан 10-15 пайызға төмен сатылып жатқан әлеуметтік маңызды тауарлар қатарына бірінші сұрыпты бидай ұны, нан, макарон өнімдері, қарақұмық, күріш, күнбағыс майы, сиыр еті, тауық еті, сүт, айран, сары май, бірінші санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы, майлылығы 5-9 пайыздық ірімшік және көкөністің бірнеше түрі енгізіліп отыр. Мәселен, бірінші сұрыпты бидай ұнының келісі 179 теңгеден, сиыр етінің келісі 1860 теңгеден, тауық етінің келісі 630 теңгеден, нан 80 теңгеден сатылуда.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз