ШЕТЕЛДІК ИНВЕСТОРЛАРҒА – МЕМЛЕКЕТТІК ҚОЛДАУ

Бүгінде елімізде жұмыс жасап жатқан шетелдік инвесторларға мемлекет тарапынан қолдау көрсету ерекше маңызға ие мәселелердің бірінен саналады. Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының ұйымдастыруымен облыстық әкімдікте өткен «дөңгелек үстел» де осыған арналды. Шараны салалық басқарма басшысының орынбасары Ескендір Жанатаев кіріспе сөзбен ашып, жүргізіп отырды.

Онда алдымен, осы тақырыпта ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің басқарма сарапшысы Гаухар Шекербаева баяндама жасады. Ол «дөңгелек үстел» отырысына қатысушыларға Қазақстан Республикасында шетелдік инвесторларға көрсетілетін мемлекеттік қолдау шаралары төңірегінде жан-жақты түсінік берді. Бұл салада кез келген уақытта туындауы ықтимал мәселелердің түп-төркінін анықтау мен шетелдік және шетелдіктердің қатысуымен жұмыс жасайтын компаниялардың арасындағы өзара байланыстарды реттеуге қатысты жайларға тоқталды.

Одан әрі, баяндамашы шетелдік инвесторларға ұсынылатын инвестициялық префенцияларды алу үшін жинақталуы қажетті құжаттар, берілетін префенциялардың түрлері, оларды алудың тәртібі мен шарттары, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру үшін басымдық берілген қызмет түрлерінің тізілімі, т.б. туралы егжей-тегжейлі әңгімеледі. Инвестициялық жобаларға қатысушыларға төмендегідей жеңілдіктер қарастырылған. Біріншіден, олар міндетті кедендік баж алымынан босатылады. Дәлірек айтқанда, жеңілдіктің бұл түрі импортталатын технологиялық жабдықтар мен құрамдас бөліктеріне, қосалқы бөлшектеріне, шикізат немесе материалдарға (бес жылдан аспайтын мерзімге) қолданылады. Сол сияқты, осындай инвестициялық префенциялар мемлекеттік натурлық гранттар, кейбір салық түрлері мен субсидияларға қатысты да қарастырылған. Тарқатып айтсақ, мұның алғашқысында активтерді қаржыландыруға бағытталатын инвестиция көлемінің 30 пайызы, екіншісінде есептелінетін корпоративтік табыс салығының нөлдік коэффициенті, ал үшіншісінде салынатын нақты бір нысанның құрылыс-монтаж жұмыстарына және жабдықтар сатып алуға жұмсалынатын шығындардың 30 пайызына дейінгі деңгейінде оларды мемлекеттік префенциялармен (жеңілдіктермен) қамтамасыз ету көзделген. Және бір мәлім болғаны, инвестициялық префенциялар бекітілген тәртіп пен шарттар негізінде, басымдық берілген бағыттар бойынша инвестициялық жобаларға қатысушы, сондай-ақ жаңадан құрылған заңды тұлғаларға ұсынылады.

Бұлардан бөлек, басқосуда «Инвесторлардың сервистік орталығы», «ҚР-дағы шетелдік инвесторлардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғаудың жолдары», «Инвестициялық омбудсмен институты» тақырыптарында ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің инвестициялар жөніндегі комитетінің басқарма сарапшысы Абай Қожамжаровтың, «Экспорт және инвестициялар жөніндегі ұлттық агенттік» акционерлік қоғамының басқарушы директоры Әлібек Исабековтің қосымша хабарламалары тыңдалды.

Дәулетқали АРУЕВ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз