Жарнама
Жаңалықтар

Шексіз мүмкіндіктер әлемі: атыраулық студент Халықаралық сахнада топ жарды

Ресейдің Грозный қаласында өткен халық билері бойынша кәсіби солистер арасындағы XVI Халықаралық Махмұд Эсамбаев атындағы фестиваль-байқауда Қазақстанның намысын Қаракөз Мұрат абыроймен қорғады.

Туа біткен саңырау болғанына қарамастан, Қаракөз өз дарыны мен қажырлы еңбегінің нәтижесінде қазылар алқасы мен көрермендердің жүрегін жаулап, беделді халықаралық байқаудың дипломанты атанды.

Қазылар оның сахнадағы жүріс-тұрысын, әуен ырғағында өзін дәл ұстауын және би арқылы сезімді жеткізе білу шеберлігін жоғары бағалады. Музыканы естімей-ақ, жүрегімен сезініп, қимыл арқылы әуеннің мәнін жеткізе алу – нағыз таланттың көрінісі.

– Мен музыканы естімеймін, бірақ оны жүрегіммен сезінемін. Діріл, санау, эмоция, көрерменнің тынысы – бәрі маған бағыт та, шабыт та береді. Ең бастысы – арманға деген құлшыныс пен өз-өзіңе деген сенімділік, — дейді Қаракөз.

Бүгінде Қаракөз Азаматқызы – Қ.Дүтбаев атындағы Атырау гуманитарлық колледжінің І курс студенті. «Хореография» мамандығын меңгеріп жүрген Қаракөздің би әлеміне алғашқы қадамы небәрі 5 жасында басталған. Оның сахнаға деген қызығушылығы, ырғақты қимылмен жеткізу қабілеті бала күнінен-ақ ерекше байқалған.

Бүгінде ол өзінің еңбекқорлығы мен табандылығының нәтижесінде тек колледж ұжымының емес, ел жастарының да мақтанышына айналды.
Қаракөз үшін би – жай өнер ғана емес, жанның тілі, жүректің әуені. Оның әрбір қимылы сезімге, ұлттық нақышқа және рухани қуатқа толы.

– Мен әлемге саңырау адамдар да билей алатынын көрсеткім келеді. Музыканы ести алмасаң да, жүрегіңмен сезіне білсең талай мүмкіндікке жол жеткізуге болады, — дейді жас биші.

Қаракөздің жетістігі — рухтың күші мен сенімнің жеңісі. Ол өз еңбегімен стереотиптерді бұзып, мүмкіндігі шектеулі жандарға шабыт сыйлап отыр.

Өнерге деген шексіз сүйіспеншілігі мен табандылығының нәтижесінде Қаракөз бүгінде Қазақстанның жас таланттарының жарқын өкілі атанды. Ол – өнердің тілі баршаға ортақ екенін дәлелдеген би әлемінің шынайы кейіпкері. Біздің редакция Қаракөзге шығармашылық табыс пен үлкен сахналарда жеңістер тілейді.

Қуандық ШӘКІРОВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button