Шейхтан сый алған Сайора

Жақында отандық БАҚ өкілдері Әбу-Даби қаласында тұратын сегіз жасар қазақстандық оқушы қызға бір жылдық гранттың салтанатты түрде табысталғанын жарыса жазды. Ал, сол грант иегерінің өзіміздің Махамбет ауданының тумасы екендігін жұртшылықтың бәрі біле бермеуі де мүмкін.

Сегіз жасар Сайора Махамбеттегі Шотпақовтар отбасында дүниеге келген. Махамбет ауданының төл перзенті, көп жылдар аудан әкімінің орынбасары қызметін атқарып, ауданымыздың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан, аудандық мәслихат депутаты, елге сыйлы азамат Сағымбай Нысанбайұлы аудан жұртшылығына жақсы таныс. Сағымбай аға мен Гүлсім жеңгеміз өмірге үш ұл әкеліп, бүгінде олардан өрбіген алты немересінің қызығын көруде.

– Екінші ұлым Аслан осыдан төрт жыл бұрын жұмыс бабымен Біріккен Араб Әмірлігіне аттанды. Немерелерім Әбу-Даби қаласындағы мектепке орналасты. Сайора қазір 3 сыныпта білім алуда. Ол – өте еңбекқор, жауапкершілігі мол, өтірікке жаны қас және әр уақытын жоспарлай білетін ерекше қабілетті бала. Бүгінде Сайорам үш тілде еркін сөйлейді. Грант иегері атанды дегенде қуанышымызда шек болмады. Ол 30 үміткердің арасында өз мектебінің атынан іріктеуден өткен. Бұл отбасымыздың, туған жеріміздің, қала берді еліміздің мерейі деп айтар едім. Шетте жүрсе де, оқудағы жетістігін баспасөз беттерінен көріп, оқу біз үшін зор мақтаныш, – дейді Сағымбай ағамыз қуанышын бізбен бөлісіп.

Біржылдық грантты ұсынушы, құрамына 37 мектеп кіретін ағартушылық бағыттағы «GEMS Education» қоры болып табылады. Әр мектептен бір ғана оқушыға ғана бұйыратын грантқа оқушылар төрт санат бойынша іріктеледі. Оның ішінде академиялық жетістік, табиғатты аялауға және қоршаған ортаны қорғауға қосқан үлесі, қоғамға тигізген пайдасы (қайырымдылық шарасына атсалысу) және адамзатқа үлгі болуы қаперге алынады.

Мектеп комиссиясының сынынан сүрінбей өткен Сайораның сабақ үлгеріміндегі жетістіктері өз алдына, мектепте қоқыс қалдықтарын қайта өңдеп, күн энергиясы сияқты қайта жанданатын энергия көздерін зерттеумен айналысқан. Сонымен қатар, өзіне тиесілі кітаптар мен ойыншықтарын сатып, одан түскен қаржыны Қызыл Крест арқылы Таяу Шығыс пен Африкадағы балаларға жолдап отырған екен.

Сайора Асланқызына грантты Біріккен Араб Әмірлігінің Мәдениет, жастар және қоғамдық даму істерінің министрі шейх Нахайян ибн Мубарак Аль Нахайяннің өзі тапсырды.

 

Балнұр САПАРОВА,

Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз