ШАРШЫ АЛАҢДАҒЫ САЙЫС

мықтыларды анықтады

Атырауда Қазақстан Республикасы Бокс Федерациясының құрметті президенті Асқар Алтынбекұлы Құлыбаевтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир өтті. Дүбірлі доданың ашылуына облыс әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқан, олимпиада чемпионы, «Astana Arlans» командасының бас директоры Серік Сәпиев, халықаралық дәрежедегі АІВА төрешісі Шбиб Мохаммед Кемаль және тағы басқалар қатысты.

 

Сонымен қатар, Атырау облысы әуесқой бокс федерациясының баспасөз қызметінің хабарлауынша, бокстан Азия чемпионатының үш дүркін жеңімпазы, Бейжің олимпиадасының чемпионы Бақыт Сәрсекбаев бұл турнирге бапкер ретінде келді. 

Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университеті жанындағы «Жайық» спорт кешенінде АІВА жалауы астында өткен сайыста Ресей, Сирия, Иордания, Иран, Қытай сынды мемлекеттер бастаған тоғыз елден жүзден астам спортшы бақ сынасты.

Алты күнге созылған байрақты бәсекенің жартылай финалына шыққан қазақстандық он былғары қолғап шеберінің бесеуі – Атырау бокс мектебінің түлектері. Олардың барлығы да алтынға таласар жолда аянып қалмады. Алайда, финалға жолдама берер айқаста алты қазақстандық боксшы қарсыластарына есе жіберіп алып, қола жүлдені қанағат тұтты. 

Ақтық айқасқа өзбектің – бес, Қырғызстанның – төрт, Моңғолия мен Сирияның – екі және Қазақстаннан төрт боксшысы финалға шықты.

Қазақ боксшылары өз шаршы алаңында намыстарын қолдан бермеді. Ақтық бәсекеге  шыққан төрт ұланымыздың  екеуі ғана алтынға ие болды. Асылхан Ұзақбаев пен Абзал Құттыбеков қарсыластарын  айқын басымдықпен жеңсе, Олжас Байниязов пен Амандық Манашев күміс жүлдеге қол жеткізе алды. Екі алтын, екі күміс және алты қола иеленген отандастарымыз жалпыкомандалық есепте өзбектер мен қырғыздарға жол беріп, ІІІ орын иеленді.

Ал, Атырау облысының намысын қорғаған спортшыларға тоқталсақ, Асылхан Ұзақбаев (56 келі) алтын алса, Амандық Манашев (69 келі) күміс жүлдеге қол жеткізді. Рашид Салауатов (52 келі), Қамбар Ғинаятов (64 келі) және Есенаман Шұңғарин (+91 келі) қола медальды еншіледі.

Айгүл ЕРТІЛЕУ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз