ШАҺАРДЫҢ БАС ШЫРШАСЫ ШАМЫН ЖАҚТЫ

Атырауда дәстүр бойынша жаңажылдық бас шыршаның шамы жағылды. Қаладағы «Исатай-Махамбет» орталық алаңында орнатылған биылғы шыршаның биіктігі 23 метрді құрайды. Қала әкімі Нұрлыбек Ожаев атыраулықтарды тәуелсіздік мерекесінен соң іле-шала келетін Жаңа жыл мерекесімен құттықтады.

– Міне, тағы бір жыл тарихтың қойнауына еніп, төрімізге төрлетер жаңа жылға санаулы күндер қалды. Жаңа жылдан баршамыз ойлаған арман-тілектеріміздің орындалуын асыға күтетініміз бар. Әсіресе, бүлдіршіндер үшін аса ерекше мереке. Ал, қаламыздың бас шыршасын жағу – жаңажылдық мейрамның басты белгісі іспеттес. Барлығыңызды келе жатқан Жаңа жыл мерекесімен құттықтаймын. Отбасыларыңызға бақыт пен зор денсаулық тілеймін, – деді шаһар басшысы. Бұдан кейін Нұрлыбек Жұмахметұлы және  С.Қазыбаев атындағы мектеп-интернатының тәрбиеленушісі, алты жастағы оқу озаты Санагүл Қуанышева  Жаңажылдық шыршаның шамын жақты.

Салтанатты рәсімге қала тұрғындары, қонақтары көптеп жиналды. Сондай-ақ, қаладағы балалар үйінің бүлдіршіндері де жаңажылдық костюмдерін киіп, салтанатты рәсімдегі флешмобқа белсенді қатысты. Аяз ата мен ақшақар, ертегі кейіпкерлері алаңды думанға бөлеп, рәсімнің мәнін аша түсті. Айта кетейік, биылғы жаңажылдық безендіру жұмыстарына қала бойынша 23 миллион теңге қаражат бөлінген. Қаладағы шағын және орта бизнес өкілдерінің де демеушілігімен безендіру жұмыстары жоғары деңгейде жүргізіліп, мекемелердің алдына үлкенді-кішілі шыршалар орнатылуда.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз