Үш басқармаға басшылар тағайындалды

ANU 1100 1 Жаңалықтар

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «100 нақты қадам»  Ұлт жоспарында кәсіби мемлекеттік аппарат құрудың нақты бағыт-бағдарын айқындап берді. Яғни, әр деңгейдегі лауазымға тағайындалатын мемлекеттік қызметкерлердің іскерлік қабілетіне баса назар аударылады. Сондай-ақ, аймақтардан орталыққа, орталықтан аймақтарға іскер қызметкерлердің ротация тәртібімен қызметке тағайындалуы енгізіліп отыр. Осыны негізге алған аймақ басшысы  Нұрлан Ноғаев сейсенбіде облыс активіне бірқатар басқарманың жаңа басшыларын таныстырды. Оларға  жүктелген міндеттерді абыроймен атқаруды тапсырып, жауапкершілігі мол қызметтеріне сәттілік тіледі.

ANU_1100

Атырау облысы әкімінің өкімімен экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болып Нұралиев Айдар Алдабергенұлы тағайындалды. 

Нұралиев Айдар Алдабергенұлы

Ол Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін халықаралық құқықтану бакалавры мамандығы бойынша тәмамдаған. Кейін осы жоғары оқу орнының магистрі атанған. 2015 жылы халықаралық «Болашақ» бағдарламасымен Лондонда жобаларды және корпоративтік басқару мамандығы бойынша білімін жетілдірген. Еңбек жолын жекеменшік компанияда заңгердің көмекшісі болып бастаған ол  бірқатар жауапты қызметті атқарған. Атап айтқанда, ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігінің Халықаралық экономикалық ұйымдармен өзара іс-қимыл басқармасының, содан соң ҚР Президенті Әкімшілігі стратегиялық-әдістемелік талдау орталығының сарапшысы, ҚР Қаржы министрлігі Халықаралық қаржы қатынастары департаменті директорының орынбасары лауазымдарында кәсібилігін жетілдіріп, іскерлік қабілетін танытты. Бұдан соң Қазақстан–Канада біріккен кәсіпорнында жоба менеджері болып еңбек еткен. Ел ордасы – Астанада  мол тәжірибе жинақтаған ол енді ротация тәртібімен  мұнайлы өңірдің  дәулетін арттырып, қарқынды өркендеуіне  үлесін қоспақ.

Ал, облыстық сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысы лауазымына Арыстанова Гүлбаршын Жолдасқызы тағайындалып отыр.

Арыстанова Гүлбаршын Жолдасқызы

Гүлбаршын Жолдасқызы 1987 жылы А.Р.Бируни атындағы Ташкент политехникалық институты, кейін Батыс Қазақстан инженерлік-гуманитарлық университетін инженер-технолог, инженер-кадастршы мамандығы бойынша аяқтаған. Экономика және бизнес магистрі. Ел тәуелсіздігінің алғашқы жылдарында Атырау қаласындағы тұрғын үй шаруашылығы тресінде шебер, учаске бастығы болып еңбек жолын бастап,  «РЭУ-2»,  «РЭУ-3» мекемелерінде инженер, экономист, «Атырау жылу электр орталығы» акционерлік қоғамында есепші, бөлім бастығының орынбасары қызметтерін атқарды. Содан соң облыстық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, сәулет және қала құрылысы, табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармаларында басшының орынбасары лауазымында болды. Іскерлік қабілетінің нәтижесінде соңғы он бір жыл бойы басшының орынбасары қызметін абыройлы атқарған оған басшы лауазымында шыңдалу сәті  келді.

Облыстық жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау басқармасының басшысы болып Құрманова Гүлзия Өтемұратқызы тағайындалды.

Құрманова Гүлзия Өтемұратқызы

Гүлзия Өтемұратқызы Атырау мұнай және газ институтын, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін тәмамдап, инженер химик-технолог, жерге орналастыру және кадастр бакалавры мамандығы бойынша  білім алған. Әр жылдары  облыс орталығындағы №4 КТМ, №1 КТЛ мекемелерінде жұмыс жасады. Ұзақ жыл бойы Махамбет аудандық жер қатынастары және жерге орналастыру бөлімінде өзіне жүктелген міндетті жауапкершілікпен атқарып, облыстық жер қатынастары басқармасында басшының орынбасары, бөлім басшысы лауазымдарында тәжірибе жинақтады.

Аймақ басшысы Нұрлан Ноғаев жаңадан тағайындалған басшыларға нақты міндеттер жүктей отырып, Елбасының тапсырмасын орындауда үлес қосатынына сенім білдірді.

– Алдағы жұмыс ауқымды. Облыс көлемінде атқарылып жатқан қандайма бір шараның барлығы да басқармаларға тікелей қатысты екені белгілі. Қаржының жоспарланып, игерілуі секілді маңызды сала үлкен жауапкершілікті талап етеді. Аймақтың сәулеті мен қала құрылысында да атқарылар іс жеткілікті. Сіздердің өткен тәжірибелеріңізді ескере отырып, өңірдің өркендеуі жолында аянбай еңбек етеді деп сенемін. Ол үшін басшы мамандарда тәжірибе жеткілікті, – деді ол.

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз