СЕРБИЯ СЕРІКТЕСТІККЕ НИЕТТІ

serbiaБейсенбі күні облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Сербияның Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Владимир Миркович бастаған делегацияны қабылдады.
Экономикалық дамуындағы елеулі өзгерістер нәтижесінде әлеуеті жоғары аймаққа айналған Атыраумен іскерлік байланыс орнатуға қызығушылық танытып жүрген елдер көп. Солардың бірі - сербиялықтар. Кездесу барысында олар Атырау облысымен іскерлік байланыс орнату үшін арнайы жоба әзірлеп әкелгендерін айтты.

– Бүгінде Атырау тек мұнайлы өңір ретінде ғана емес, өндірістің сан саласындағы жетістіктерімен танымал. Мұнайлы өлкеде жүздеген шет елдермен бірлескен компаниялар жұмыс істеуде. Біздің облыс Сербия елімен бұған дейін бірлесіп жұмыс жасап көрген емес, бірақ бүгінгі сіздердің жасаған алғашқы қадамдарыңыздан соң байланыстың нығаярына сенемін. Егер нәтижелі ұсыныс болса, танымал Сербия мемлекетімен іскерлік қарым-қатынас орнатуға біз де ниеттіміз, – деп атап өтті кездесуді ашқан аймақ басшысы Б.Ізмұхамбетов. 
Атырауға алғаш рет келіп отырғандарын айтқан дипломат Владимир Миркович өңірдің перспективалық жоспарлары бүгінде зор маңызға ие екендігіне ерекше тоқталып өтті. Сондай-ақ, ол Қазақстан мен Сербияның саяси қарым-қатынасты күшейіп, бүгінде сенімді серіктес мемлекеттерге айналғанын айтып, алдағы уақытта екі ел арасында кәсіпкерлікті дамыту үшін де еш кедергі жоқтығын жеткізді.
Кездесу барысында «POLJOSTROS» фирмасы директорының орынбасары Сударс Повел Атырау жерінен ешкі фермасын салу жобасын ұсынғалы отырғанын мәлімдеді. Бұл бағытта 2008 жылдан бері мол тәжірибе жинақтағанын, мұндай ферма Қостанай, Қызылорда қалаларында жұмыс жасайтынын мысалға алды.
– Сербия елі ауыл шаруашылығын дамытуға айрықша назар аударып келеді. Сіздер жақтан қолдау табар болса, бірлесіп бұл істі жүргізуге дайынбыз. Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге баса назар аударып отырғандығын біз жақсы білеміз. Ешкі фермасын іске қосу арқылы азық-түлік, соның ішінде тұрмысқа аса қажетті сүт өнімдерінің мол қорын шығаруға болады, – деді ол.
Облыс басшысы ауыл шаруашылығын дамыту бағытында тек азық-түлік өнімдерін ғана шығармай, тері бұйымдарын өңдеп, бүгінгі сұранысқа ие тауарлар өндіруді қарастыру қажеттігін де жеткізді.

Мәлике ҚУАНЫШЕВА.
Суретті түсірген Е.АЛТЫБАЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз