
Сарбаздар туған жерге оралды
Атырау теміржол вокзалында былтыр күзде әскер қатарына аттанып, еліміздің теңіз жаяу әскерлері құрамында борышын өтеп келген сарбаздарды қарсы алу рәсімі өтті.
Өткен жылдың күзгі әскерге шақырылымы кезінде қырық шақты атыраулық жас №25744 әскери бөлімге, яғни Ақтау қаласындағы теңіз жаяу әскерлері құрамына аттанған болатын. Бір жылдық мерзімді қызметін абыроймен аяқтаған сарбаздардың алғашқы легі туған жерге оралды. Қырыққа жуық сарбаздың ішінен жиырма шақтысы келді.

Қарсы алу шарасын Атырау облысы бойынша қорғаныс істері жөніндегі департамент ұйымдастырды. Шара барысында Атырау қаласының қорғаныс істері жөніндегі біріктірілген басқармасының бастығы, подполковник Құрманәлі Жүнісбеков сөз сөйлеп, әскери борышын лайықты орындап келген жастарды құттықтады.

– Бүгін Отан алдындағы парызын адал атқарып келген сарбаздар – ел ертеңінің айғағы. Әскерде алған тәртіп пен жауапкершілік өмірлеріңізге берік бағыт болсын. Елі мен жері үшін қызмет ету – әрбір азаматтың қасиетті міндеті, — деді подполковник.
Германиядағы кеңес әскерінің тобы мен Варшава Келісім шарты тобының ардагерлері Талғат Айтқалиев пен Дәулет Есетовтер де сарбаздардың алдағы өмірлік жолдарына сәттілік тілеп, туған жерге аман-есен келулерімен құттықтады. Әскери оркестрдің орындауындағы марш әуендері шараға ерекше сән берді. Қатысушылар сарбаздарды қошеметпен қарсы алып, гүл шоқтарын табыстады.

Күтіп алу іс-шарасына қатысқан ата-аналар балаларының ел алдындағы борышын өтеп, аман-есен оралғанына ризашылықтарын білдірді.
Сарбаздарды күтіп алу рәсіміне қатысқандардың қатарында Құлсары қаласының тұрғыны Шолпан Аманова да бар. Ол Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында тұратын жиенін қарсы алып, жылы лебізін білдірді.
– Бүгін Отан алдындағы борышын абыроймен өтеп келген жиенімді күтіп алып отырмын. Шүкір, аман-есен елге оралды. Ең бастысы, жау-жарақсыз, дені сау, көңілі көтеріңкі күйде келді. Әскерде жүргенде де адал қызмет етіп, елдің тыныштығын күзетіп, міндетін абыроймен атқарып келді. Соған шын жүректен ризамын.
Осындай ел қорғаған батыр ұлдарымыз көп болсын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын деп тілеймін. Мен үшін бүгін – ең қуанышты күн. Баламның амандығын көріп, елге қайтып оралғанын көру де – үлкен бақыт. Алдағы өмірінде тек жақсылық пен сәттілік серік болсын, армандары орындалып, ойлаған мақсаттарына жете берсін. Алла осындай қуанышты сәттерді барлық ата-әжелерге нәсіп етсін, — деді Шолпан әже.

Ақтау қаласындағы №25744 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеп келген Алмас Бақытов бір жыл бойы жауынгерлік міндетін абыроймен атқарып, елдің тыныштығын қорғау жолында шыңдалғанын айтады.
– Бір жылдан соң аман-есен елге оралып отырмын. Бұл – мен үшін үлкен қуаныш, ата-анам мен туған-туыстарым үшін зор мақтаныш.
Әскер – ер азаматтың өміріндегі ерекше мектеп. Сол жерде біз тәртіпке, төзімге, жауапкершілікке үйренеміз. Бірліктің, бауырмалдықтың не екенін терең түсінеміз. Сондықтан менен кейін әскер қатарына баратын жас сарбаздарға айтарым – ешқашан сынбаңдар, мойымаңдар, тек алға ұмтылыңдар. Әскерде қиындықтар кездеседі, бірақ сол қиындықтар адамды шыңдайды, рухыңды көтереді. Әрбір күн – сабыр мен төзімнің сынағы. Сол сынақтан сүрінбей өтсеңдер, ертең елге мықты азамат болып ораласыңдар.
Барша жас сарбаздарға айтар тілегім – ананың ақ батасымен, елдің сенімімен аттанып, аман-есен оралыңдар, — деді сарбаз.

Айта кетейік, биылғы жылы Атырау облысында ұйымдастырылып отырған сарбаздарды қарсы алуға арналған алғашқы ауқымды шаралардың бірі. Алдағы күндері әскери борышын өтеп қайтқан тағы жиырма шақты сарбазды қарсы алу жоспарланып отыр.
Алмас ҚАБДОЛ
Суреттерді түсірген автор


