асырды сырын б ккен

Сарайшықты қалай сақтап қаламыз?

Жаңалықтар Рухани жаңғыру

«Ақ Жайықтың суы шайып жатқан  Сарайшық – Еуразияның апайтөс даласындағы көптеген елді өркениет пен өрлік, елдік пен ерлікке, бірлік пен тірлікке, ақыл, парасат пен бауырластыққа баулыған Алтын Орда елінен қалған сары жұрт. Сарайшық топырағы қасиетті, өйткені, иісі бүкіл түркі әлеміне ортақ Алтын Орда хандары – Тоқта, Жәнібек, Бердібек, ноғайлының билеушісі – Оқас, одан бергі Қасымхан сияқты атақты хандарымыз бен батырларымыздың жаны осында мәңгілік жай тапқан жер, оны еліміздің алғашқы Пантеоны десек те болады».

 Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Атырау облысындағы көне қала Сарайшықтың орнын сақтап қалуға байланысты атқарылып жатқан шаралар әлі де жетілдіруді қажет етеді. Шаһардың археологиялық қазба орны Жайыққа жұтылып бара  жатқаны бұған дейін  талай мәрте жазылып та, айтылып та жүр.

Сан __асырды__ сырын б__ккен

Сарайшықты XVI ғасырда Иван Грозный қиратқаннан кейін оның қалдықтары мен жәдігерлерінің ғылыми зерттеу нысанына айналғанына да екі ғасырдан астам уақыт өтті.  Оған еуропалық белгілі ғалымдар П.Паллас және Ф.Гебель қазба жұмысын жүргізген. Бұл қала Ресей ғалымдары Рычковтың, Левшиннің, Карамзиннің шығармаларында көрсетіледі.

Қазақ археологиясының негізін қалаушы, академик Әлкей Марғұлан осы қалаға зерттеу жүргізіп, тарихты тың  деректермен байыта түсті. Одан кейінгі 40 жылдан соң,  яғни 1989  жылы археолог, тарих ғылымдарының  докторы  Зейнолла Самашев  зерттеуге кірісті.

Сарайшықтың ескерткіштерін сақтап қалу мәселелері 60-80 жылдардағы кейбір құлшыныстарды есептемегенде осы уақытқа дейін назардан тыс қалып келді.

Бабалар аманатын қорғап, келер ұрпаққа мұра ету мәселесі соңғы жылдары ғана көтеріліп, жергілікті билік тарапынан зор қолдауға ие болып отыр.

Көне шаһардың құрылысы келер жылы аяқталады

Сарайшықтың тағдырына байланысты келген ғалымдармен бірге біз де қалашықтың орнын барып көрген едік. Қазір Сарайшық қаласының археологиялық қазба орнында орта ғасырдағы қала көшірмесінің құрылысы жасалынған анықтамалық құжат тұр. Құрылыс жұмыстарымен «АИС-Астана» ЖШС айналысуда. Жобаның құжаттамасына сәйкес, көне қалашықтың маңында жайлы демалыс орны, әдемі жағалау болады деп жоспарланған. Туристерге арналған павильондар да бұл жерден бой көтереді деп күтілуде.

Жобалаушылардың айтуынша, шаһардың алтыдан бес бөлігін су шайып, орнында із қалмаған. Сол себепті, тарихи мекенді сақтап қалуда әлі де атқарылар жұмыстар жетерлік. Бүгінгі таңда облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың бастамасымен Сарайшықтың жағалауын бекіту жұмыстары жүргізілуде. Құрылыс жұмыстары өткен жылдың қазан айында бастау алса, келер жылдың сәуірінде аяқталады деп жоспарланған. Жағаны тіреуіш негізі бар сүйеп тұратын монолитті қабырғамен бекіту қарастырылған. Ал, баурайлары темірбетонмен қорғалады. Жобада баспалдақпен түсетін екі жер қарастырылған, баурайлары мен баспалдақтар таяныштармен қоршалады.

Сан __асырды__ сырын б__ккен сарайшы__

Қаланы сақтауға – 1 миллиард 600 миллион теңге

Мұнайлы өңірге жұмыс сапарымен келген Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Сарайшықты сақтап қалу туралы пікірін білдірген еді.  

– Қазақ хандығының 550 жылдығы аясында Тараз қаласында ашық археологиялық мұражай жасадық. 2015 жылы еліміздегі сегіз қала «Ұлы Жібек жолы» аталымына енді. Қытай, Қырғызстан мемлекеттерімен бірлесіп, керуен жолына кіретін қалалардың тізімін дайындадық. Қазір бұл жобаның екінші кезеңін жүзеге асырудамыз. Алтын Орданың астанасы болған Сарайшық қаласын әрі қарай әрлендіруге министрлік мүдделі және облыстық әкімшілік тарапынан нақты шаралар атқарылып жатқанына куә болдық, – деді министр.

Сарайшықты сақтап қалу жұмыстарына облыстық бюджеттен 1 миллиард 600 миллион теңге қаржы бөлінген.

Қолмен сызылған карта қайда?

Ал, облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекцияның басшысы Мұхамбетқали Кипиев «Мәскеудегі Ресей мемлекеттік әскери-тарихи мұрағатында сақталған Сарайшық қалашығының 1861 жылы қолмен сызылған картасының көшірмесін негізге алу керек» деген пікірін айтады.  Оның ойынша, карта «Сарайшық қалашығының көп бөлігі сумен шайылып кетті» деген тұжырымды өзгертеді. «Біз картаны Сарайшықтың қазіргі кезеңдегі жағдайымен салыстыра қарау үшін жерсеріктік түсіріліммен байланыстырдық. Оның қорытындысын қарасақ, шаһардың  бұрын су шайылып кетті деген орны әлі де сақталған және жергілікті халық аңыз қылып айтатын Секер көлінің орны да бар, картада көрсетілген екі әулиелі орын 150 жылдан астам уақыт өтсе де жоғалмаған.  Сол себепті, карта Сарайшықтың тарихымен қоса, оны одан әрі сақтау жұмысын жаңаша жүргізуге жол ашады деп есептейміз. Бұл Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысының маңыздылығын одан әрі арттыра түседі»  дейді Мұхамбетқали Кипиев.

Нұргүл Ысмағұлова

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған