САПАРДЫ ШЕКТЕУ – САҚТЫҚ ШАРАСЫ

Атырау облысы тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменті эбола  және басқа да аса қауіпті жұқпалы аурулар тараған мемлекеттерден келген шетел азаматтары қызмет ететін облыстың  ірі шетелдік компанияларының өкілдерімен семинар өткізді. 

 

Оған  департамент басшысы, облыстың Бас мемлекеттік санитарлық  дәрігері Өмірзақ Зинуллин төрағалық  етті.

Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері Жандарбек Бекшин Гвинея, Либерия, Сьерра-Леоне және Нигерияның Денсаулық сақтау министрліктерінің ақпараты бойынша эбола қызбасымен сырқаттанушылықтың жаңа жағдайларының тіркелуі жалғасып жатқанынан хабардар етті. Осы жағдайға орай департаменттің бөлім меңгерушісі Арайлым Қасенғалиеваның айтқанындай, қазіргі уақытта бұл елдерде эбола қызбасынан 1229 адам қаза болып, 2240 жағдай тіркелген.

Эбола геморрагиялық қызбасы – эбола вирусы тудыратын жұққыштығы жоғары жіті вирустық ауру. Бұл ауру өте қауіпті. 50-90 пайызы клиникалық жағдайда өліммен аяқталады. Инкубациялық кезеңі 2-ден 21 күнге  созылады.

Эбола вирусы инфекция жұқтырған адам ағзасының  қанымен,  бөлінділерімен, органдармен немесе басқа да сұйықтықтарымен тікелей жанасу кезінде беріледі. Бұл сырқатқа дене температурасының күрт көтерілуі, әлсіздік, бұлшық еттер мен бастың, сондай-ақ, тамақтың ауруы тән. Көбіне құсумен, диареямен, бөртпемен, бауыр және бүйрек қызметтерінің бұзылуымен, кейбір жағдайларда ішкі, сонымен бірге сыртқы қан кетулермен де байқалады.

Маманның айтуынша, ағымдағы жылы Қазақстанда денге қызбасының тек  сырттан әкелінуі  жағдайы тіркелген. Дер кезінде алынған шаралар науқастардағы асқынушылықтың алдын алды. Аурушаңдық бес қазақстандықтан анықталды, оның ішінде Тайландтан оралған төрт турист, Малайзиядан жұқтырған бір студент болған. Бұл аурудың негізгі таратушылары – тропикалық масалар көрінеді. Олар, әсіресе, Вьетнам және Тайланд шипажайларында баршылық. Осы ауруды жұқтырған қазақстандықтардың барлығы Патай жағажайларында демалған.

Қазақстанда денге қызбасын тарататын масалар  түрлері болмағандықтан, оның таралуы үшін қолайлы жағдай жоқ. Бізде тек ауруды тіркеп, алғашқы медициналық көмек көрсетіледі.

Осы орайда Атырау әуежайының санитарлық-карантиндік пункттің  бас маманы Айнагүл Орынбасова қызулаған жолаушыларды анықтау үшін кіші – 2 тепловизор, 1- пирометр қолданылатынын айтты. Қазіргі күні Атырау халықаралық әуежайында эбола қызбасы бойынша шет елдерден келетін адамдарға күшейтілген санитариялық-карантиндік бақылау жалғастырылуда.  Сондай-ақ, НСРОС компаниясының  медициналық қызметі өкілдері Соел Ахмед, Римма  Байғожина да аталмыш мәселеде өздерінің пікірлерін қосты.

Семинарда Атырау облысы халқының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз ету мақсатында облыстық тұтынушылардың  құқықтарын қорғау департаменті шетелдерге сапарды жоспарлау кезінде берілген ақпаратты ескеруді және эпидемиологиялық ахуалды қалыпқа келтіргенге дейін мүмкіндігінше эбола қызбасы тараған елдерге сапарға шығуды кейінге қалдыруды ұсынды.

 Ғайнолла ЗИНУЛЛИН.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз