САЛЫҚ ТҮСІМІ КӨБЕЙДІ

«Атырау-Ақпарат» ЖШС жанындағы Атырау коммуникациялар қызметінің баспасөз орталығында өткен брифингке бұл жолы Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Такиев өзінің орынбасарларымен бірге келді. 

 

– Біздің құрылымның қызметі түбегейлі өзгерді. Жаңа жүйе қойылған міндеттерді жедел әрі кешенді түрде шешуге мүмкіндік береді, – деді мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы.

Мәди Төкешұлының айтуынша, биылғы 9 айда жергілікті бюджетке 112,4 млрд. теңге түсті. Бұл жоспардың 107 пайызға орындалғанын көрсетеді. Ерекше тоқталары, қазіргі күні шағын және орта бизнестен түсетін түсім көбеюде. Дегенмен, тапқан табысын мемлекеттен жасыратын кәсіпкерлер де бар екен. Ол алдымен саны көп мейрамханаларға қатысты. Мәселен, қоғамдық орынның қожалары «тапқан бар пайдамыз осы» деп құжатқа шағын соманы жазады. Ал, мәселеге тереңірек үңіліп, күнделікті табысты санамалап көрсе, оның көлемі көп болып шығады. Ақиқат айқындалғаннан соң, пысықайлардың мемлекетке тиесілі қаражатты төлеуден өзге амалы қалмайды. 35 мейрамхана бойынша осылайша 25 млн. теңге өндірілген. «Біз осындай жағдайда қоғамдық орын иелеріне ескерту жасап, заңдылықтан аттамауын талап етеміз» дейді мемлекеттік кірістер департаментінің өкілдері. Енді жыл соңына дейін ірі сауда орындары мен базарларда қымбат тон, алтын, кілем секілді бағалы дүниелерді саудалап тұрғандармен жұмыс жүргізіледі.

Жұртшылыққа сапалы қызмет көрсету – департаменттің бүгінгі ерекше назар аударған мәселесі. Шыныменен, бұрынғы салық инспекциясының ғимаратына барғанда шұбырған кезекті көрмейсіз. Сапырылысқан халық та жоқ. Келушілер осы заманның озық жүйесі арқылы көрсетілетін қызмет бойынша тып-тыныш өзінің кезегін күтеді. Соның айғағындай,  мемлекеттік қызметті электронды түрде көрсету көлемі биыл өткен жылмен салыстырғанда айтарлықтай өскен, ол 414,3 мыңды құрады.

Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшылары брифингте журналистердің сұрақтарына жан-жақты, толымды жауап беруге ұмтылды. Осы орайда облыстық «Атырау» газетінің тілшісі заңсыз такси қызметіне қатысты сауал қойды.

– Жыл басынан бері Атырау қаласы бойынша 600 адам такси қызмет көрсетуші ретінде есепке қойылды. Олар патент бойынша жұмыс жасайды, сондықтан көрсеткен қызметінің екі пайызын ғана төлейді. Алайда, заңсыз такси қызметін көрсетушілер аз деуге болмайды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғаса береді, – деді Атырау облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Мәди Такиев.

А. САНСЫЗБАЙҰЛЫ.

 

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз