Сағыздың суы сыздықтап ағады

Хат ізімен Жаңалықтар

Бұл мәселе қашан толық шешімін табады?

Тіршілік нәрінің өмірдегі маңызын айтудың өзі артықтау болар. Жұртшылықты таза ауыз сумен қамту бағытында аймақта тындырылып жатқан іс те аз емес. Алайда, редакциямызға хабарласқан Қызылқоға ауданы, Сағыз селосы тұрғындарының өтініші де негізсіз деуге келмейді. Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін арыз мәтінін ықшамдап беруді жөн көрдік.

Хат ізімен

«Сағыз селосы тоғыз жолдың торабында орналасқан, халық саны – сегіз мың адамға жуық. Аталған село күні бүгінге дейін толық таза ауыз сумен қамтылмаған. Жалпы, бұл бағытта округте жасалған жұмыстар жоқ емес. Дегенмен, проблема да жетерлік. Сөзімізге дәлел, осыдан үш жыл бұрын «Ақ бұлақ» бағдарламасы бойынша ауылішілік су құбыры тартылған болатын. Өкінішке қарай, ол нәтижесін бермеді. Су қондырғылары, желілерді жаң-ғырту, қайтадан салу шаралары жүйелі түрде іске аспады. Тар-тылған желінің ақаулары жетіп артылады. Биыл мамыр айынан бастап №3 қазақ ауылға ауыз су жіберілгенімен, ол мардымсыз болды. Су тамшылап ағады. Төрт сағат уақытта небары жарты шелек су алынады. Ал, маусым айынан бастап мүлдем тиылды.

Жаз айларында Сағыз тұрғындарының азды-көпті отырғызған бау-бақшалары болады. Күнделікті тіршіліктің қамымен осы өнімдерін сатып, күн көріп отырған жайы бар. Алайда, судың жоқтығынан дәнді дақылдар солып жатыр. Облыстың төл басылымы «Атырау» газетінің өткен сандарының бірінде  «қызылқоғалықтар таза ауыз судың қызығын көріп отыр» деп жазылды. Бірақ, біз мұнымен толық келіспейміз. Сағыздықтар үшін бұл мәселе әлі шешімін таба қойған жоқ.

Осы орайда, редакция тұрғындардың мұң-мұқтажын ескеріп, тиісті орындардан жауап алуға қол-ғабыс етеді деп сенеміз».

№3 қазақ ауыл тұрғындары атынан:

Т.Әлден, М.Есіркепов, Қ.Мақан, А.Алау, Ә.Сұлтанғалиев, Т.Тоқаш, А.Омаров, А.Жалғасбаев, И.Макимов, Б.Секерғалиев, А.Ахметов, Қ.Қорқытов, Қ.Рахметов және тағы басқалары.

Сіз не дейсіз?

Біз сағыздықтарды алаңдатқан мәселенің мәнісін анықтау үшін бірқатар басқарма мен аудан басшылығына арнайы хат жолдадық.

«Үш  ұңғыма қазылады»

Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруа-шылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Айдулат Кенжебеков бізге былай деп жауап берді:

– «Кереген-Сағыз-Жамансор» жер астының су қоры тәулігіне 9 331 текше метрді құрайды. 2009 жылы үш ұңғыма қазылып, іске қосылды. Оның әрқайсысында бір данадан ЭЦВ6-10-80 су сору насосы қондырылған.

Село суды «Кереген-Сағыз-Жамансор» топтық су құбыры арқылы тұтынатын елді мекендердің бірі. Ауыл басындағы су айдау стансасында сыйымдылығы 100 текше метр болатын үш дана су қоймасы бар. Бұл қор ауыл халқын толық қамтуға жеткілікті. Осы жиналған суды ауыл ішіне жіберу үшін 15 кВТ су айдау сорғысы қондырылған. Қоймадағы 300 текше метр су қорын жіберу үшін 6 сағат уақыт жұмсалады. Қалған уақытта қоймаға оны қайта толтыруға мүмкіндік бар, яғни, су тұтыну нормативіне сай келеді.

Орталықтандырылған ауыз сумен қамту мақсатында «Ақ бұлақ» бағдарламасы шеңбе-рінде 2014-2016 жылдары 92 шақырым су құбыры жүргізілген. Қазір жаз мезгілі, күннің ыстығына байланысты, сондай-ақ, бау-бақша, мал суаруға және ауыл тұрғындары құдықтарын суға толтырып алуына байланысты су беру мөлшерінен асып кетіп отыр. Сағыз ауылындағы тұрғын үйлер ауыз суды шаруашылық мақ-   сатқа пайдаланғандықтан, ауылдың кейбір көшелеріне жетпей қалу фактілері де орын алады. Салынған нысандар тек ауыз суға арналған. Бұл жөнінде сағыздықтарға әр уақытта ескертіліп, түсінік жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Өңірдің алдағы өсу перспективасын ескере отырып, Кереген аймағындағы ұңғыма басынан қосымша үш ұңғыма қаздырып, іске қосу жоспарға алынып отыр. Осы орайда, аудандық құрылыс бөлімі арқылы жобалау-сметалық құжаттама дайындау үшін ашық конкурс жарияланды. Бұл аяқталғаннан кейін құрылыс жұмыстары басталмақ.

«Су мөлшерге сәйкес  беріледі»

Қызылқоға ауданы әкімінің орынбасары Бекнұр Әжіғалиев-тің жауабы да осы мазмұндас болды:

– Сағыз, Мұқыр, Жамансор, Жантерек елді мекендерін уақыттық шектеу белгілеу ар-қылы орташа су тұтыну мөлшері 500 текше метр немесе 500 тонна деп есептеп, таза ауыз сумен қамту мүмкіндігіне қол жеткізіліп отыр. Егер елді мекендерді тәулік бойына үзіліссіз сумен қамтамасыз ету үшін, ұңғымада орнатылған сорғылардың техникалық өнімділігінен жоғары қосымша 500 текше метр немесе 500 тонна су қажет. Бұл ретте шектеусіз сумен қамтамасыз ету мәселесін шешудің нақты жолы қосымша үш ұңғыма қазумен шешіледі.

Село басындағы 7 500 адамға орта есеппен (бір адам – 40 литр) 300,0 текше метр су қажет. Су айдау стансасында сыйымдылығы 100 текше метр немесе 100 000 литр болатын үш дана су қоймасы бар, бұл 300 000 литр су қоры. Демек, ол халықты қамтуға жеткілікті. Осы жиналған суды айдау үшін 15 кВт КМ80-50-200 су айдау насосы қондырылған. Бұл тұтыну нормативіне сай келеді. Ал, ол су егін, мал суаруға жетпейді.

2017-2019 жылдар аралығындағы инвестициялық даму жоспары бойынша Сағыз, Мұқыр селоларында 302 тұрғын үйге инженерлік-коммуникациялық ин-фрақұрылым салу жүзеге асырылса, ауылдық округтерге қарасты алты елді мекенге магистралды және ауылішілік су құбыры тартылып, қосымша әлеуметтік сала нысандары салынса, қосымша 500 текше метр су жеткізу мәселесі туындайды. Сол себепті, Кереген аймағындағы ұңғыма басынан техникалық сипаттамасы бойынша тәуліктік өнімділігі 600 текше метр қосымша үш ұңғыма қазылса, мәселе өзектілігін жояды деп ойлаймыз.

Р.S: Әрине, бұл мәселеде нақты шешім шығару редак-цияның құзырында емес. Алайда, «жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайды» демекші, төрт құбыласы түгел болса, тұрғындар арызданбас еді. Ауылдық жерде тұрған соң олар егін егіп, мал бағады. Оның үстіне, бірнеше мыңдаған халқы бар село мал шаруашылығын өркендетуге қолайлы жер саналады. «Баптай білсе, тасқа да гүл бітеді» деген бар емес пе?! Уақытылы суарып отырса, жасыл желек те жайқалады, жергілікті өнімге де қол жеткізетін күн алыс емес. Ал, оған құятын техникалық суды сонау бірнеше шақырым қашықтықта орналасқан Сағыз өзенінен шелектеп тасу тіпті ақылға сыймайды. Сағыздықтар жанайқайының туындауы да сондықтан. Ендеше, басшылар жұртшылықты тек ауыз сумен қамту жағын ғана емес, басқа шаруаларға да судың қажет болатынын жадынан шығармаса екен дейміз. Мүмкін, Сағыз, Ноғайты өзендерінен техникалық суды қосымша желі арқылы тарту жайын ойластырса, күрмеулі проблема шешімін табар ма еді?! Қайткен күнде де, онсыз да азды-көпті егіні мен қорасындағы малына алаңдаулы шаруагердің арызы аяқсыз қалмауы тиіс. Жергілікті атқарушы билік осыны естен шығарып алмаса екен…

Айбөпе САБЫРОВА.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз