«Репрессияға ұшыраған миллиондаған әйелдердің арасында менің де анам бар» дейді Надежда Базарбаева

1 31 Жаңалықтар

Мемлекет басшысы «Өткен ғасырдағы ең қилы кезеңнің бірінде жазықсыз жапа шеккендердің рухына тағзым ету – баршамыздың перзенттік борышымыз» деді.


Иә, бүгінгі күні тарихшылар қуғын-сүргіндегілердің 70-80 пайызы лагерьге түскен қарапайым адамдар екенін жазып жүр. Партия жұмысшы тобының ұлықтығын жариялады, бірақ сотталғандардың дені жұмысшылар мен шаруалар болатын. Елім-жерім деп халқына қалтқысыз қызмет еткен анам да озбыр саясаттың құрбаны болды.


… Репрессияға ұшыраған миллиондаған әйелдердің арасында менің анам Әбуова Зейнім Өтешқызы да бар. Ол Тума ауылында 1921 жылы дүниеге келген. Төрт кластық білімі бар анам 1940 жылдан 1941 жылға дейін Тума ауылдық кеңестің Шошақүй ауылында наубайхана меңгерушісі болады. Ал, 1941-1943 жылдары «Екпінді құрылыс» колхозының меңгерушісі қызметін атқарады.


1943 жылдың 12-ақпанынан бастап «Анда» колхозының төрағалығына тағайындалады. Архив құжаттарына зер салсам, анамның колхозды басқарған жылдары ірі қара мал – 77%, жылқы – 107 %, түйе — 116, қой және ешкі 60 %-ға өскен екен. Сол адал еңбегі үшін бюродан алғыс алады.

Алайда, «домалақ» арыз түсіп, 1945 жылы анама «колхоз малын талан-таражға салды» деген айыппен ешқандай тергеусіз, қуғын-сүргінге ұшырап кете барады. Қарлагта 1950 жылға дейін азапты күндерін өткізіп, сол жылы анам Зейнімнің ар-ожданы адал екені дәлелденіп, ақталып шығады.


Кейін анам өмірінің соңғы жылдарында адам құқығы аяққа тапталған кезеңнің шет-жағасын ғана айтатын болды. Бір әңгімесінде «лагерде «халық жауының» әйелдері көп болды. Заңсыздық өріс алды, лагердегі адам мүлде қорғаусыз болды.

Қарағандыдан Алматыға дейін салынған теміржолды тұтқындардың қанымен салынғанын көбі білмейді. Лагерде менімен бірге «ағылшын тыңшысы», «жапон тыңшысы» деген айыппен отырған әйелдер болды» деп қатты қапаланушы еді, жарықтық анам.


Қ.Тоқаев «Біз жазықсыз жазаланғандардың әрқайсысын есте сақтау арқылы ғана кемел келешекке жол ашамыз» деді Үндеуінде. Рас, өткенді білмей, алға қадам басу болмайды. Бүгінгі ұрпақ тарихта ақтаңдақ із қалдырған озбырлы оқиғаларды ұмытпай, олардан сабақ алуы тиіс.


Надежда БАЗАРБАЕВА,
көпбалалы ана.
Махамбет ауданы.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз