Әр пікір маңызды

Жаңалықтар

Газетіміздің №75 санындағы ақын, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Қойшығұл Жылқышиевтің «Аңыздың астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз?» атты зерттеу мақаласы www.atr.kz мекен-жайындағы ресми сайтымызда 3000 рет оқылып, 40 рет перепост жасалған. Оқырман қозғаған ой да көп.

Күнсұлу  СҮЙІНОВА:

«Аңыздың  астарында ақиқат бар немесе Қыз әулие туралы не білеміз? атты танымдық мақаланы оқып, таң қалдым. Шындығында, қазақ жері ғаламат қой! Аңызға бай, өзі көркем туған жеріміз туризмге сұранып тұр екен. Шетелге ақшаны  босқа шашқанша, өз өлкемізде саяхаттайық.

Гүлжан  МҰСАҒАЛИЕВА:

Өзім мұғалім болғандықтан, «Қыз әулие» туралы» мақаланы шәкірттеріме оқып бердім. Олар сондай қызығып тыңдады. Алда да осындай материалдар жарық көрсе екен.

Сәрсенбай  ҚАЛИЕВ:

Жастайынан сөз өнеріне  жақын өскендіктен, газет-журналды құмартып оқимын. «Қыз әулие» туралы мақала көңіл көкжиегімді кеңейтті. Шіркін, туған жердің әр тасы сыр айтып тұр ғой. Осыны бір қадеге жаратып, туристер келіп-кететін мекенге айналдырсақ…

Жақында «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен облыстық перзентханаға рейд жүргізілген еді. Осы мәселеге байланысты газет тілшісі Мәлике Қуанышеваның «Перзентханаға қамқорлық керек» деген тақырыпта мақаласы жарияланды. Ол да оқырман арасында қызу талқыға түсуде.

Әсем  СЫРҒАБАЕВА:

Ана мен баланың денсаулығы,  жағдайы – ең басты мәселе. Перзентхана ешқандай материалдық дүниеге мұқтаж болмай, барлық керек-жарағымен қамтамасыз етілуі тиіс қой. Мәселеге Үкімет деңгейінде назар аударылса екен. Осындай тексеру жұмыстары жиі ұйымдастырылса…

Сәнеш  ТӨЛЕГЕНОВА:

Осындай жұмыстардан кейін нәтижесі болса игі ғой. Өйткені, ана мен сәби саулығы – тұтас ұлттың саулығы.

Әр жерді паналап жүрген Нәсіпқали ата жақында редакцияға келіп, өзінің мұң-мұқтажын айтқан еді. Жасы жетпіске келген атай туралы аға тілші Лиза Сейтімованың «Соңғы үмітім – сіздерде!» атты мақаласы да интернет қолданушылардың арасында  біраз талқыға түсті.

Эльнара  ОРАЛОВА:

Иә, осындай жағдайда қалған қазақтың азаматтары баршылық. Мемлекетіміз бәріне де көмек береді деген үміттемін. Мүмкіндігі бар жандар да бұл жағдайға көз жұма қарамаса деймін… Менің түсінбегенім, сонда қарттар үйінен бір кеткеннен кейін онда қайта оралуға болмай ма? Әрбір балаға сана берсе екен…

Жәнібек  ДОСҚАЛИЕВ:

Ата-анасын қарттар үйіне тастаған қазақтар күн сайын  көбейіп барады. Адамдық, балалық борышымызды ұмытпайықшы, қазақтар…

Шолу  жасаған:

Абай  АҚМҰРЗИЕВ

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған