
Қызылордада Ұлттық құрылтай өтеді
20 қаңтар күні Қызылорда қаласында Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысы өтеді деп жоспарланып отыр. Маңызды жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысады. Бұл басқосу ел дамуына қатысты өзекті мәселелерді талқылайтын негізгі қоғамдық-саяси алаңдардың бірі саналады.
Ұлттық құрылтай 2022 жылдың маусым айында Президенттің жарлығымен құрылған. Бұған дейін қоғам мен билік арасындағы диалогты қамтамасыз етіп келген Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі таратылып, оның орнына жаңа форматтағы кеңесші орган ретінде Ұлттық құрылтай жұмысын бастаған болатын. Жаңа құрылымның басты мақсаты – қоғамдық пікірді ескере отырып, мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын айқындауға атсалысу.
Құрылған уақыттан бері Ұлттық құрылтайдың отырыстары еліміздің әр өңірінде өтіп келеді. Алғашқы жиын Түркістанда ұйымдастырылса, кейін Атырау, Ұлытау және Бурабай қалаларында жалғасын тапты. Әр отырыста әлеуметтік-экономикалық даму, ұлттық құндылықтарды нығайту, мәдениет, білім, тіл саясаты, азаматтық қоғамды дамыту секілді маңызды тақырыптар көтеріліп, нақты ұсыныстар айтылды.
Еркеназ ҚАЛИЖАН
Сурет: Ашық дереккөз

