Құрманғазыда түліктің төрттен бірі төлдейді

1536300872 7zhivkarm1 Жаңалықтар

Құрманғазы ауданы – облыстағы аграрлық саласы өркендеген, соның ішінде төскейінде төрт түлігі өскен малды өңірлердің бірі. Мұнда ауыл шаруашылығындағы аса маңызды да жауапты науқандардың бірінен саналатын мал қыстату маусымы да ойдағыдай өтуде.

Аудандық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Асқар Мұфтахтың айтуынша, бүгінгі таңда аудандағы мал басы: мүйізді ірі қара – 68 900- ге жуықтаса, қой-ешкі – 182 935-ті құрайды. Сол сияқты, жылқының саны 32 160-тан, түйе түлігі 5 000-нан асады. Осынша мал 341 орында қыстатылуда. Оған қажетті 147 мың тонна мал азығы зоотехникалық нормативтерге сәйкес толығымен дайындалып, алдын ала қыстақ бастарына тасылған. Қазіргі мезгілде бағымдағы малдың қыстан қысылмай шығуы үшін пішен қоры жеткілікті, ішетін судан тапшылық жоқ көрінеді.

– Соның ішінде, 21 800 басты құрайтын қой малы өңірдегі төрт іргелі шаруашылық құрылымына тиесілі. Оның тең жартысына жуығы, «Сүйіндік» ЖШС-нің меншігінде болса, қалғаны, «Құрманғазы», «Мақаш» өндірістік кооперативтері мен «Ақжонас» ЖШС-нің иелігінде. Тек аталған шаруашылықтардың өздері бағымындағы малды 42 орында қыстатып отыр. Тағы бір айтарымыз, осы төрт шаруашылық бойынша биылғы көктемде 12 500-ден астам аналық Шопан ата түлігі төлдейді деп күтілуде. Бұл барлық саулық қойдың төрттен бір бөлігіне жуығына тең. Ал, оның көңілдегідей нәтиже беруі қыстақтың қалай өткізілуіне, дайындығына байланысты екені даусыз, – дейді салалық бөлім басшысы.

Білгеніміздей, төлдейтін малдың көбі «Ақжонас» ЖШС-нің үлесіне тисе, «Құрманғазы» мен «Мақаш» ӨК-терінің әрқайсысында 5 000-ның үстінде қойдан қозы өргізіледі. Науқан 19 қыстақ орнында өткізіледі деген есеп бар. Сондай-ақ, қырдағы «қызыл қырманға» 100-ге жуық адам (сақманшы) қатысады деп жоспарланған. Оларға айына 90-95 мың теңге көлемінде еңбекақы төленбек. Осындай әзірлік шаралары қазірден бастап аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп шешімін табуда. Соған қарағанда, құрманғазылық шаруагерлердің мал қыстатуды да, оған жалғасатын төлдетуді де табысты өткізетіндіктеріне сенім мол. Оның үстіне, биылғы қыстың жайлы болып, шаруа адамына қарасып тұрғаны да соған септескендей.

 Дәулетқали АРУЕВ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз