Жарнама
Жаңалықтар

Қазақстанның көрікті жерлерінде түсірілген халықаралық тележоба Қытайда таныстырылды

Қытайдың танымал Hunan TV телеарнасы Қазақстанның туристік локацияларында түсірілген Voice Beyond Horizon атты жаңа тележобасының промо-бейнеролигін ұсынды. Бағдарлама еліміздің туристік әлеуетін халықаралық аудиторияға кеңінен таныстырып, Қазақстанның табиғаты мен мәдениетін миллиондаған көрерменге көрсетуді мақсат етеді. Бұл туралы республика Туризм және спорт министрлігі хабарлады.

Жоба Димаш Құдайбергеннің бастамасымен және Hunan Broadcasting System телеарнасымен бірлесе жүзеге асырылған. Биыл қыркүйек айында түсірілім тобы мен қатысушылар Қазақстанның өңірлерін аралап, 7436 шақырымнан астам жол жүріп өтті. 22 күн бойы олар еліміздің бай табиғи және мәдени мұрасымен танысып, көрікті жерлерде түсірілім жүргізді.

Тележобаға Қазақстан, Қытай, Қырғызстан, Италия, Малайзия және Сербия елдерінің өнерпаздары қатысты. Бағыттар еліміздің басты туристік нысандарын қамтыды. Оның ішінде Ұлы Жібек жолының бойындағы көне Түркістан қаласы, Маңғыстау облысындағы Бозжыра шатқалы мен Каспий теңізінің жағалауы, сондай-ақ Алматы өңірінің табиғи інжу-маржандары – Қайыңды көлі, Саты туристік ауылы, Қапшағай су қоймасы, Ақмола облысындағы Көбейтұз көлі мен Щучинск–Бурабай курорттық аймағы бар.

Voice Beyond Horizon жобасы 2026 жылы Hunan TV телеарнасы арқылы көрерменге жол тартады. Түсірілімге ҚР Туризм және спорт министрлігі, Kazakh Tourism ұлттық компаниясы, «Жолаушылар тасымалы» АҚ және еліміздің өңірлік әкімдіктері ұйымдастырушылық қолдау көрсетті.

А.НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button