
Қазақстанда ең төменгі жалақыны есептеу тәртібі өзгереді
Бүгін Сенат дамушы елдердің әлеуметтік жағдайын ескеретін ең төменгі жалақы туралы халықаралық конвенцияны мақұлдады.
Құжатқа сәйкес, енді Үкімет ЕТЖ мөлшерін белгілегенде қызметкерлердің нақты қажеттіліктерін, өмір сүру құнын және елдің экономикалық жағдайын міндетті түрде ескеруге тиіс.
Сенатор Әсем Рахметованың айтуынша, жаңа тәсіл әлеуметтік әділдік пен экономикалық негізділіктің арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді.
– Бұл тәсіл халықтың табысын арттыруға, еңбек нарығындағы теңсіздікті азайтуға және жұмысшылардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған, – деді сенатор өз сөзінде.
Қазір Қазақстанда ең төменгі жалақы 85 мың теңге болып белгіленген. Бұл – экономикадағы медианалық жалақының 30%-ын, ал орташа жалақының 21%-ын құрайды.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаевтың айтуынша, келесі жылдан бастап азаматтық қызметкерлердің ең төменгі жалақысы 99 мың теңгеге дейін өседі.
– Ең төменгі жалақыны кезең-кезеңімен арттыру ел азаматтарының әлеуметтік жағдайын жақсартуға және еңбекке ынталандыруға бағытталады, – деді ол.
Айта кету керек, ең төменгі жалақы – жұмыс беруші қызметкерге бір айлық еңбек үшін төлеуге міндетті ең аз сома. Ол елдегі барлық төлемдер мен әлеуметтік жәрдемақылардың есептік негізі ретінде қолданылады.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА
Сурет: gov.kz



