
Қазақстан мен Ресей мәдени-гуманитарлық саладағы ынтымақтастықты нығайтуда
Мәскеуде Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық жөніндегі қосалқы комиссияның төртінші отырысы өтті, деп хабарлайды Altainews.kz тілшісі ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Іс-шараға екі елдің мәдениет министрлері – ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева мен РФ Мәдениет министрі Ольга Любимова төрағалық етті. Сондай-ақ екі елдің делегациялары қатысып, пікір алмасты.
Құттықтау сөзінде Айда Балаева екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықтың жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін атап өтті.
«Біз әріптестерімізбен бірлесе әзірлеп, жүзеге асырып жатқан жобалар біздің ведомстволар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға және Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға тікелей ықпал етеді», – деді министр.

Кездесу барысында тараптар бірлескен ынтымақтастықтың перспективаларын талқылады.
«Алдымызда үлкен жоспарлар бар. Оларды жүзеге асыру біздің елдерімізді одан әрі жақындатып, мәдениет саласындағы өзара іс-қимылды нығайтады деп сенемін. Қосалқы комиссия отырысына ынтымақтастықтың негізгі бағыттарына жауапты әріптестеріміз бен Ресейдің жетекші мәдениет мекемелерінің өкілдері қатысуда. Бүгін біз серіктестіктің негізгі мәселелерін, бірлескен іс-шараларды, кинематография, кітапхана ісі және мәдениет саласындағы білім беру бағыттарын талқылауды ұсынамыз», – деді Ольга Любимова.
Тараптар өзара іс-қимылды одан әрі дамытуға бағытталған кең ауқымды мәселелерді қарастырды. Екі елдің мәдениет мекемелері басшылары бірлескен жұмыстың аралық нәтижелерін ұсынып, ынтымақтастықтың келешектегі бағыттарын белгіледі. Қатысушылар кинематография, кітапхана және музей ісі, мәдениет саласындағы кадр даярлау бойынша бірлескен жобаларды талқылады.
Отырыстың аясында Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясы мен Ресей театр өнері институты – ГИТИС арасындағы ынтымақтастықтың тиімділігін арттыру жөніндегі Жол картасына қол қойылды. Құжат актерлік шеберлік, сахна тілі, хореография, театр менеджменті мен продюсерлік бағыттарында мамандар даярлауға арналған бірлескен бастамалардың кең спектрін қамтиды.
Сонымен қатар Мәскеуде Қазақстан мәдениеті күндері басталды. Екіжақты кездесу барысында Айда Балаева Ресей Федерациясының мәдениет министрі Ольга Любимоваға осы іс-шаралар сериясын ұйымдастыруға және өткізуге көрсеткен қолдауы үшін алғыс білдірді.
Сурет: ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі



