
Қауіпті қиылыс
Балауса шағынауданындағы №63 бағытта «Монша» аталатын аялдама бар. Атауы сол маңдағы жұрт жуынатын нысанға байланысты қойылса керек. Жә, мәселе – онда емес, қауіпті қиылыста.
Елді мекендегі Буданов көшесі осындағы ұзын көше саналады. Оның Тәшенов көшесімен қиылысқан тұсына аялдама өте қолайсыз салынған. Бұл аялдамадан арғы жағындағы №43 мектеп пен балабақшаға қатынайтын оқушылар мен бүлдіршіндер автобустан түседі де, әрі қарай көшені қиып өтеді. Міне, осы тұста жүргіншілер үшін ешқандай жол белгісі жоқ. Бала түгелі, ересек жандар да көлік астына түсуі әбден ықтимал. Оның үстіне, Буданов көшесі басты бағыт саналғандықтан, көліктер қатты жүреді. Ауыл арасында жылдамдық шектеу қаралмаған. Енді тұрғындар тілегі – Буданов пен Тәшенов көшелерінің қиылысына жаяу жүргіншілер белгісі мен «лежащий полицейский» кедергісін орнату. Әйтпесе, қос көшенің бойымен ағылған көліктер нөпірінен өту мүмкін емес (1-сурет).
Сөз ретінде айтар болсақ, осы көшенің сәл жоғары бетінде мұндай белгілерді әлдекімдер үйінің алдына қойып алған. Маңайында мектеп те, балабақша да, өзге де әлеуметтік нысандар жоқ. Ендеше, кім қалай рұқсат берген? Мұны құзырлы орындар біле ме?
Осы мәселе бойынша қалалық полиция басқармасының техникалық қадағалау бөліміне хабарласқанбыз. Мұндағы мамандар айтылған жерді тексеріп, шешім қабылдайтынын жеткізді. Кейін қоңырау шалғанымызда Еркінқала селолық округі әкімдігіне ұсыныс түсіргенін айтты. Қазіргі ереже бойынша, мұндағылар құжатты қалалық тұрғын үй-коммуналдық және автомобиль жолдары бөліміне жеткізу керек екен. Ал ауыл басшылары әзірге жұмған аузын ашпай отыр. Жұртшылық тілегінің соншалықты сөзбұйдаға салынғанын да түсінбедік. Әйтпесе, көпшіліктің өтініші заңды екені көрініп тұр ғой. Бүгінде оқушылар өмірлерін қатерге тігіп, ешқандай рұқсат етілген белгі жоқ қос көшені кесіп өтуге мәжбүр. Мына екінші суретке зер салсақ, электр бағанының төменгі бөлігі майысқанын байқаймыз. Бұл – жеңіл көлік соққысының салдары. Сірә, алдынан шыға келген балалардан қашқан болуы керек. Әйтеуір, адам аман. Ал, келесі жолы ше? Бәрі сәтті аяқталарына кім кепілдік береді?
Осы орайда мәселені шешудің тағы бір жолы бар. Яғни, «Монша» аталатын аялдаманы мектепке жақындату қажет. Демек, оны оң жақтағы көшеге орнатса, оқушылар қауіпті қиылыстан құтылар еді. Бұл шешім мектеп пен балабақшаға қатынайтын балаларға да өте тиімді. Өйткені, қос нысан да ұсынылып отырған жаңа аялдамаға қол созым дерлік жақындамақ. Әрі бұл жерге жаяу жүргіншілер белгісі қойылған. Бұған тұрғындар да ренжімес, себебі «Монша» аялдамасында оқушылар мен солардың ата-аналары тұрады. Автобусқа мініп-түсетін тек солар ғана.
Меңдібай СҮМЕСІНОВ,
ардагер-журналист


