
Қауіп қайдан демеңіз!..
Атырауда төтенше жағдайлар департаменті ұйымдастырған БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз туры өтті. Іс-шара №13 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінде өтіп, оған жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарының тілшілері қатысты.

Пресс-турдың негізгі мақсаты – тұрғын үй секторында және тіршілікті қамтамасыз ету нысандарында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жөнінде жұртшылыққа кеңінен ақпарат тарату, сондай-ақ жылыту маусымына дайындық барысымен таныстыру және азаматтық қорғау органдарының қызметін насихаттау болды.
Іс-шара барысында департамент мамандары журналистерге жылыту кезеңінде атқарылып жатқан алдын алу жұмыстары туралы жан-жақты мәлімет берді. Сонымен қатар, қатысушыларға заманауи өрт сөндіру техникалары көрсетіліп, оның ішінде 70 метр биіктікке көтеріле алатын «Vema» автосатысы таныстырылды. БАҚ өкілдері қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, аталған техниканың мүмкіндіктерін көзбе-көз көріп, жұмыс барысымен тікелей танысуға мүмкіндік алды.
Атырау қалалық төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Айбек Құспанғалиев баспасөз туры барысында жылыту маусымы кезінде қауіпсіздік мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
– Өрттің алдын алу баршамыздың ортақ міндетіміз. Әсіресе, пеш жағу маусымында қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау арқылы көптеген келеңсіз оқиғалардың алдын алуға болады. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындардың өмірі мен мүлкін қорғау, — деді ол.
Сондай-ақ мамандар өрт сөндіргіш құралдарды дұрыс пайдалану тәсілдері мен тұрмыста төтенше жағдай туындаған сәттегі алғашқы әрекеттерді тәжірибе жүзінде көрсетті.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жылыту маусымы кезінде тұрғындарды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Өйткені қауіпсіздік әр тұрғынның өз өміріне және айналасындағы жандарға деген жауапкершілігінің өлшемі.
Майра ЕРҒАЛИ



