
“Қарызсыз қоғамның” игілігі көп
Атырауда «AMANAT» партиясы облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауын насихаттауға арналған «TALQYLAU» диалог алаңы өтті.

Шараны «AMANAT» партиясы Атырау облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Абдолла Идресов жүргізіп, Жолдаудың мән-маңызы туралы кеңінен айтып өтті. Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұсынған стратегиялық құжат елді терең цифрландыру және жасанды интеллектті кеңінен енгізу арқылы жаңа даму кезеңіне шығаруға бағытталған. Үш жыл ішінде Қазақстанды толыққанды цифрлық елге айналдыру – Жолдауда белгіленген басты мақсаттардың бірі.
Абдолла Хамиұлы өз сөзінде:
– Мемлекет басшысы атап өткендей, цифрландыру – елдің жаңғыруының негізгі қозғаушы күші. Бүгінде мемлекеттік органдардың 40 мыңнан астам функциясы қайта қаралып жатыр. Бұл үдерісте жасанды интеллект пен цифрлық ассистенттердің рөлі ерекше. Мемлекеттік қызметші қағазбастылықтан арылып, нақты мәселені шешуге ден қоюы тиіс. Цифрландырудан жүйелі цифрлық трансформацияға көшу – уақыт талабы, – деді.

«TALQYLAU» алаңына облыстық және қалалық мәслихат депутаттары, білім беру және денсаулық сақтау саласындағы аймақтық кеңес мүшелері, сондай-ақ қала және аудан мектептерінің ұстаздары қатысты.
Жиын барысында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің ректоры, аймақтық кеңес төрағасы Саламат Идрисов, профессор, тарих ғылымдарының докторы, саясаттанушы Сайполла Сапанов, «Атырау Hub» аймақтық менеджері Аннур Мұратов, С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университеті «AI HUB» орталығының жетекшісі Ақмарал Абдигалиева, сондай-ақ «Digital Bridge 2025» халықаралық IT-форумының қатысушысы, «Aqyl Jol» жобасының жетекшісі, «Digital Almaty 2025» сыйлығының лауреаты Асылбек Ғизатов баяндама жасап, пікір алмасты.
Спикерлердің айтуынша, жасанды интеллект – тек технологиялық емес, экономикалық және әлеуметтік прогрестің де кілті. Цифрландырудың тиімділігін арттыру үшін білім беру, инновация және ғылыми әлеуеттің үйлесімді дамуы қажет.

Кездесуде сондай-ақ Президент бастамасымен жүзеге асып жатқан «Alatau City» мегажобасы мен «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты», «Жер аманаты», «Қарызсыз қоғам» және «Таза Қазақстан» жобаларының аймақтық орындалу барысы талқыланды.
Мәселен, «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында Атырау облысында 13 800 адамды қамту жоспарланып, қазіргі таңда 9 мыңнан астам тұрғын қамтылған. Ал «Жер аманаты» жобасы бойынша биылғы жылы өңірде 41,9 мың гектар пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жері мемлекет меншігіне қайтарылған.
Жиын соңында қатысушылар Жолдаудағы реформалардың елдің жаңа даму кезеңіне жол ашатынын атап өтті. Президент ұсынған бастамалар – жаңа инвестициялық циклді іске қосуға, цифрлық министрлікті құруға және бәсекеге қабілетті, Әділетті Қазақстан қалыптастыруға бағытталған стратегиялық шешімдер.
Іс-шара соңында мұғалімдер күніне орай облыстағы бірқатар белсенді ұстаздарға партиялық наградалар мен алғыс хаттар табыс етілді.
Еркеназ ҚАЛИЖАН



