
Қарашадан бастап су есептеу тәртібі өзгереді
Қазақстанда көпқабатты тұрғын үйлерде суды пайдалану және есептеу ережесі жаңарады. Жаңа талаптар республика Индустрия және құрылыс министрлігінің бұйрығымен бекітіліп, 2025 жылғы 1 қарашадан бастап күшіне енеді.
Министрліктің мәліметінше, бұл өзгеріс суды үнемдеуге, заңсыз тұтынуды азайтуға және есеп жүйесін әділ етуге бағытталған. Бұған дейін кейбір тұрғындар суды есептегішке қоспай немесе құрылғыны кері айналдырып пайдаланып келген. Енді мұндай жағдайдың салдары бүкіл үй тұрғындарының қалтасына әсер етпек.
Жаңа ережеге сәйкес, егер пәтерде су есептегіш орнатылмаған болса, төлем әкімдік бекіткен орташа тұтыну нормасы бойынша, яғни әр тіркелген адамға шаққандағы көрсеткішпен есептеледі. Ал кей пәтерлерде есептегіш бар, басқаларында жоқ болса, төлем аралас әдіспен – есептегіш деректері мен нормативтік көрсеткіштер негізінде жүргізіледі. Егер барлық пәтерде су есептегіш бар, бірақ жалпы есеп пен жеке есеп арасында айырмашылық болса, ол айырма барлық тұрғындарға тең немесе пропорционалды түрде бөлінеді.
Мысалы, егер көпқабатты үйдің жалпы есептегіші 100 текше метр суды көрсетсе, ал жеке есептегіштердің жиынтығы 95 текше метр болса, жетіспейтін 5 текше метр су көлемі барлық пәтерлер арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Яғни, бір тұрғын суды есептегішсіз немесе заңсыз пайдаланып отырса, оның айырмасын барлық көршілері төлеуге мәжбүр болады.
Министрлік бұл әдіс суды ұқыпты пайдалануға және коммуналдық есепті әділ жүргізуге мүмкіндік береді деп отыр. Сондай-ақ, су есептегіш құрылғыларын уақтылы тексермеген немесе оларға заңсыз араласқан тұрғындарға әкімшілік жауапкершілік жүктелуі мүмкін.
Жаңа ереже 2025 жылғы 1 қарашадан бастап қолданысқа енгізіледі. Министрлік тұрғындарға осы уақытқа дейін су есептегіштерін тексеріп, ақаусыз күйде пайдалану қажеттігін ескертеді.
Басқаша айтқанда, енді біреудің салғырттығы мен заңсыз әрекетінің салдары бүкіл үйдің мойнына артылмақ. Бұл жаңашылдықтың негізгі мақсаты – әділдік орнатып, суды үнемді пайдалануға қоғамды ынталандыру.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА


