Лаңкестер мен қарақшыларды халық қаһарманы деуге болмайды – Тоқаев

prararara Жаңалықтар

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысты төңкеріс пе, жоқ әлде билікке қарсы бейбіт шеру ме деген сауалған қатысты түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Бұл оқиғаны ел ішінде әртүрлі атап жүргенін білемін. Қалай болғанда да біз қаралы, қасіретті күндерді бастан өткердік. Оны мойындауымыз керек. Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде көптеген сынаққа тап болдық, оның бәрін ел болып еңсердік. Бірақ, дәл осындай қарақшылардың қатігез әрекетін көрген жоқпыз. Еліне, жеріне адал қызмет ететін, нағыз отаншыл азаматтар мұндай опасыздыққа бармайды. Бұл – анық нәрсе», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев Qazaqstan ұлттық телеарнасына берген сұхбатында.

Сондай-ақ, Президент қаңтар оқиғасына төңкеріс деп өз бағасын берді.

«Ашығын айту керек, жағдайды өздерінің жеке мүддесіне пайдаланғысы келген адамдар төңкеріс жасауға талпынды. Француз тілінде осындай әрекетті coup d’etat деп айтады. Бұл – төңкеріс деген сөз. Елдігімізге, мемлекеттік тұтастығымызға, халқымыздың қауіпсіздігіне қарсы жасалған әрекет болды. Әрине, халыққа әлі де көп нәрсе түсініксіз. Қарапайым азаматтар өздерінің сүйікті қаласын өз қолымен қиратпайтыны белгілі. Қарақшылар, лаңкестер Алматыға сырттан келді. Мақсат – кісі өлтіру, қорқыту, дүкендерді тонау, әйелдерді зорлау, ақыр соңында билікті құлату», – дейді ол.

ҚР Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында қаңтар трагедиясы кезінде бұзақылыққа раласқан азаматтар туралы пікір білдірді.

«Бұзақылар туралы мәселеге келсек. Кейбір адамдар жазықсыз азаматтарды еш себепсіз қамауға алды деп ойлайды да, осындай жалған ұрандарды ел ішінде таратады. Бірақ, мынаны ұмытпауымыз керек, солардың ішінде лаңкестер де, қылмыскерлер де бар. Қараңызшы, мыңдаған адам қаланы қиратып, нағыз террористік әрекеттерге барды. Бірақ, қазір бәрі жай ғана бейбіт азаматтар болып шықты. Бұған кім сенеді? Жалпы, лаңкестерді, қарақшыларды халық қаһармандары, батырлары деп айтуға болмайды. Бұл – ешқандай шындыққа келмейтін жалған уәж», – деді Президент.

Мемлекет басшысы болған істің ақиқатына көз жеткізбесе, мұндай қауіп қайталануы мүмкін екенін ескертті.

«Елімізге тағы бір үлкен қауіп төндіреміз. Бұл қарақшыларды Қазақстанға шақыру деген сөз. Сондықтан аталған мәселеде біз өте сақ болуымыз керек. Әрбір іс бойынша мұқият тергеу жүргізуіміз қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз