
Қала күні баспаналы болды
Атырауда қала күніне орай апатты үй тұрғындарына баспана кілті табыс етілді.
Жаңа қоныс иелерін айтулы мерекемен қала әкімі Шәкір Кейкин құттықтады. Қала күні 13 отбасыға пәтер кілті табыс етілді.

-Облыс әкімі Серік Шәпкеновтың атынан барша атыраулық пен қала қонақтарын қала күнімен құттықтаймын. Бүгінгі шараға көршілес Батыс Қазақстан облысы, Ресей Федерациясының Орынбор қаласынан қонақтарымыз келді. Оларға «қош келдіңіздер!» дейміз. Бүгінде шаһарда бес категория бойынша пәтерге мұқтаж жандарды баспанамен қамту жұмыстары жалғасуда. Бұл жолы апатты үй тұрғындары жайлы әрі жаңа үйге көшіп, қоныс тойын тойлайды. Былтырдың өзінде кезекте тұрған 500-ге тарта тұрғынға пәтер кілті табысталған болатын. Бүгінде тағы да «Ақ маржан» тұрғын үй кешенінен жаңа пәтерлер беріледі,-деді қала әкімі Шәкір Кейкин.

Жайлы әрі жаңа үйлер Қарымсақов көшесі №4 және Қожақаев көшесі №11 мекенжайларында орналасқан апатты үйлердің тұрғындарына табыс етілді.
Жаңа пәтерді 35 жыл бойы армандағандардың бірі — Роза Абдолова. Осы күнге дейін ол балаларымен бірге тозығы жеткен апатты үйде тұрып келіпті.
-Біз осы күнді көп күттік. Қуанғаннан көз жасымды тия алар емеспін. Жаңа ықшамауданнан жаңа пәтер алған бізде арман жоқ. Барлық атыраулықты қала күнімен құттықтаймын! Бұрын екі бөлмелі пәтерде тұрдық,-дейді әңгімелесушіміз қуанышын жасыра алмай.
Жыл соңына дейін апатты үйлерде тұрып жатқан тағы 70 отбасы кезең-кезеңімен жаңа пәтерлерге көшірілетін болады.
Айбөпе САБЫРОВА
Суреттерді түсірген автор



