0 52

Президент БҰҰ Бас Ассамблеясы сессиясының жалпы дебаттарында сөз сөйлейді

Жаңалықтар Саясат


atr.kz/23 қыркүйек, 2020 жыл. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Дүниежүзілік Ұйымның мерейтойлық іс-шарасы аясында БҰҰ Бас Ассамблеясы 75-сессиясының Жалпы саяси дебаттарында сөз сөйлейді. Бұл туралы ҚР Президентінің баспасөз хатшысы Берік Уәли айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мемлекет басшысы 23 қыркүйекте Нұр-Сұлтан уақыты бойынша шамамен сағат 19:45-тен кейін бейнеконференция форматында сөз сөйлейді деп жоспарланған. Президент қазіргі әлемдегі түйткілді мәселелер мен сын-қатерлерді, соның ішінде, коронавирус пандемиясымен күреске, жаһандық экономиканың өсімін қалпына келтіруге, ядролық қарудан бас тартуға және таратпауға, климаттың өзгеруіне қатысты проблемаларды шешуге арналмақ.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев халықаралық ынтымақтастықты нығайту және өзара сенім білдірудегі БҰҰ-ның рөлін күшейтуге назар аударады.

Бұдан бөлек Мемлекет басшысы 2030 жылға дейінгі орнықты дамудың Күн тәртібін жүзеге асыру, «Жасыл экономиканы» дамыту және Орталық Азиядағы өңірлік іс-қимылдарды жандандыру мәселелеріне мән береді. Мемлекет басшысы елдің ішкі саясатына қатысты мәселелерді де қамтиды, соның ішінде, «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының іске асырылуына да тоқталмақ.

Сондай-ақ Қазақстан Президенті бірқатар халықаралық бастама көтереді. Солардың бірі – бүкіл әлемдегі волонтерлердің еңбегін мойындауға, құрметтеуге бағытталған. Мемлекет басшысының сөйлеген сөзінің тікелей трансляциясын БҰҰ веб сайтынан немесе Facebook-тегі парақшасынан көруге болады.

Еске салсақ, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Біріккен Ұлттар Ұйымы Бас Ассамблеясының мерейтойлық сессиясы аясында БҰҰ 75 жылдығына арналған Жоғары деңгейдегі кездесуде бейнеүндеу жасаған еді.


Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған