20130919 09 27 38483

Полициядан қашқан жүргізуші айыппұл төледі, әрі бір айға қамалды

Жаңалықтар Құқық

Аtr.kz/15 сәуір, 2020 жыл. Атырауда полиция қызметкерлерінің тоқтау туралы талабын орындамай қашқан «Mercedes Benz» автокөлігінің жүргізушісі 30 тәулікке қамауға алынды.

Атырау облысының Бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес, қалада кешкі сағат 21:00-ден кейін жаяу жүргіншілер мен автокөліктердің жүруіне тыйым салынған. Осыған орай полиция қызметкерлері түнде себепсіз жүргендерді анықтап, тоқтату үшін рейдке шыққан.

«Мәселен, 12 сәуір күні кешкі сағат 21:20 шамасында полиция басқармасының «Батыс 25» экипажымен Атырау қаласындағы Сәтбаев-Пушкин көшелері қиылысында кетіп бара жатқан «Mercedes Benz» автокөлігі анықталды. Экипаж қызметкерлері тоқтатпақ болғанмен, көлік жүргізушісі талапты орындамады. Дауыс зорайтқыш арқылы бірнеше рет қайталағаннан кейін жүргізуші көлігін Құлманов көшесі бойындағы «Атырау» сауда орталығы тұсында тоқтатқан. Жүргізу құжаты жоқ азамат медициналық сараптама қорытындысымен «орта» дәрежелі мас күйінде екендігі де анықталды», – деп хабарлады облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.

Оған қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 4 бірдей бабымен әкімшілік хаттамалар толтырылып, сотқа жолданды. Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының қаулысымен аталған кодекстің 601-бабымен (Жол белгісі талабын орындамау) 4167 теңге мөлшерінде айыппұл, 613-бабымен (Полиция қызметкерінің автокөлікті тоқтату талабын орындамау) 41 670 теңге мөлшерінде айыппұл салу, 608-баппен (Жүргізу құқығы жоқ, алкогольдік ішімдік ішкен масаю күйде автокөлікті басқару) 20 тәулікке қамауға алу, 478-баппен (Төтенше жағдай режимі кезінде полиция қызметкерлерінің заңды талабын орындамау) 10 тәулік қамауға алу белгіленген. Қорытындысында Атырау қаласының 34 жастағы тұрғынына 45 837 теңге мөлшерінде айыппұл салынып, 30 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Сондай-ақ, қазіргі уақытта Атырау облыстық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік қызметі «Батыс 25» экипажының қызметкерлерінің құқық бұзушыны ұстау кезіндегі заңдылықтың сақталуына қатысты қызметтік тергеуді жүргізіп жатыр.

Жолдасбек Көшербайұлы

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған