ПАТРИОТТАР ФОРУМЫ

Кеше Н.Жантөрин атындағы облыстық филармония залында патриоттар форумы болып өтті.

Облыстық ішкі саясат басқармасының мемлекеттік тапсырысы шеңберінде Атырау облысы «Жас ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өткен шараға өңір аймақтарынан, мекемелер мен ұйымдардың, экономиканың әр саласында еңбек етіп, табысқа жетіп жүрген қоғамның белсенділері, оқу орындарының студент-жастары қатысты. Еліміздің Гимнін шырқаумен басталған форумда облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Әсия Қыстаубаева сөз сөйледі.

Патриоттар форумы барысында «Азаматтық асқақтық», «Адамзаттың абзалы», «Әлем таныған Қазақстан», «Қоғам жанашыры», «Қазақ азаматы» атты номинациялар бойынша аймақтағы танымал жас тұлғалар басқарманың Алғыс хаты мен түрлі марапатына ие болды.

Қатысушылар құрметіне өнерлі өрендер Қазақстан, туған жер туралы және әскери патриоттық әндер орындады.

Бұдан соң форум делегаттары Атыраудың көрікті жерлеріне саяхат жасап, «Жеңіс» саябағындағы Ұлы Отан соғысында қаза болған боздақтарға, қуғын-сүргін құрбандары мен ауған соғысында шейіт болған жауынгерлерге арналған мемориалды ескерткіштеріне гүл шоқтарын қойып, батырлар рухына тағызым етті.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз