
Параволейболшылар АҚШ-тан жүлдемен оралды
Биылғы Әлем кубогының қола жүлдегері атанған Қазақстан параволейбол құрамасын Атырау әуежайынан ерекше құрметпен қарсы алып, ел намысын қорғаған ойыншыларға ерекше қошемет көрсетілді. Спортшылардың қуанышы мен жанкүйерлердің мерейі бір арнада тоғысып, ел тарихындағы бұл сәт ерекше рухты көрініске айналды.
Қазақстандық параволейболшылардың Әлем кубогындағы тарихи жетістігі бұл – еліміздің параспорт тарихындағы бұрын-соңды болмаған нәтиже. АҚШ-та өткен биылғы додаға әлемнің ең мықты 14 құрама командасы қатысты. Жалпы әлем бойынша 78 команда арасынан іріктеліп шыққан үздіктер А және В топтарында күш сынасты. Қазақстан құрамасы өз тобында өткізген 6 ойынның бәрінде жеңіске жетіп, бірінші орынды иеленді.

Жартылай финалда ел құрамасы екі дүркін Паралимпиада қола жүлдегері Египеттен 0:3 есебімен ұтылып қалды. Ал финалда Египет пен Бразилия кездессе, қола медаль үшін тартысты матчта Қазақстан АҚШ құрамасын 3:1 есебімен жеңді. Осылайша Қазақстан құрамасы әлемдік аренада тұңғыш рет қола жүлдеге қол жеткізді.
Команда бапкері Нұрберен Аманғалиұлының айтуынша, бұл жеңіс Қазақстан спорты тарихындағы жаңа парақтың ашылуы болды.
– Биыл Қазақстан спортының тарихында ерекше жыл болды. Біріншіден, біз Азия чемпионы атандық, екіншіден, міне, әлем кубогында үшінші орын алып отырмыз. Бұл – бұрын болмаған жетістік, — деді бапкер.
Айта кетсек, параволейболшылардың табысты жолы бұған дейін басталған еді. 2023 жылы Астанада өткен Азия чемпионатында күміс, 2024 жылы Азия ойындарында да күміс жүлде иеленген команда осы нәтижелердің арқасында Париж Паралимпиадасына лицензия алып, әлемдік рейтингке енді. Парижде өткен Паралимпиадада Қазақстан құрамасы 5-орын алған болатын.
Қазіргі таңда команда алдағы жылы өтетін әлем чемпионаты, Азия ойындары және Пара Азия ойындарына тыңғылықты дайындық үстінде. Бұл жарыстардың барлығы Лос-Анджелестегі 2028 жылғы Паралимпиада ойындарына лицензия беретін кезеңге жатады. Қазір рейтинг ұпайларын жинау жұмысы жүріп жатыр.
Команда биыл екі оқу-жаттығу жиынын өткізді – бірі Астанада, екіншісі Атырауда өтті. Ойыншылардың бабын сақтау мақсатында қараша айының 1-5 аралығында Тараз қаласында өтетін Қазақстан Республикасы кубогының екінші кезеңіне қатыспақ.
Осылайша Қазақстан құрамасы әлем кубогында 7 ойын өткізіп, 6 рет жеңіске жетіп, тек бір матчта ғана ұтылды. Жарыстың қорытындысы бойынша Египет құрамасы – чемпион атанса, Бразилия құрамасы – күміс жүлдегер, ал Қазақстан құрамасы қола жүлдегер атанды.
Айта кету керек, топтық кезеңдегі нәтиже: Қазақстан – Италия 3:0, Қазақстан – Польша 3:0, Қазақстан – Канада 3:0, Қазақстан – Франция 3:0, Қазақстан – Таиланд 3:0, Қазақстан – АҚШ 3:2.
Алмас ҚАБДОЛ



