Парасатты поэзия

7587 Жаңалықтар

Немесе ақын Қадыр Жүсіп дастанындағы көркемдік шешім

Қазақ поэзиясына өзінің жыр-отауын келістіре қондырған ақындардың бірі — Қадыр Жүсіп. Әдебиет қазынасына баға жетпес өлеңді мұра еткен ақын жүрегі сезімтал да сергек. Шалқар шабыттың жетегінде әр қазақтың жүрегіне жылы тиетін, жанына жақын өлеңдерден жыр нөсерін селдеткен ол – бірнеше жыр жинақтарының авторы. Соның ішінде біз талдағалы отырған ақынның «Айша бибі» жыр жинағы – оқырманға берері мол көлемді де кесек дүние.

7587

Аталмыш кітап үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлім  «Дастандар» деп аталады. Ақын осы бөлімдегі «Айша бибі» дастанына ел аузындағы аңызды арқау еткен. Сол арқылы ауыз әдебиеті мен жазба әдебиеті арасындағы нәзік байланыстың жібек тінін одан әрі бекіте түсіпті. Поэма «Арнаудан» бастау алған.

Мөлдірліктің өзіңде –

бар әлемі,

Нәзіктіктің өзіңде –

бар әуені.

Тіршіліктің көрінетін әр-өңі,

Сенен асқан ғұмыр бар ма әдемі?!- деген ақын жүректің асқақ даусы бар әлемді өзіне жалт қаратқандай. Қазақ қызының өзгеше тағдырына таң қалған, сүйсінген, ғашық болған ақынның өзіндік үні кең сахараны шарлап сапар шегіп барады. Іштей осылай сезініп, осылай түйсінесің. Ақынның соңынан «Айша бибіні» ойша іздеп, сарыла жыр оқисың, тылсым тағдырының жұмбақтығына әрі қызығып, әрі қынжыласың. Жүрек толқып, алабұртасың. Бұл, әрине, сөздің жүрекке жеткендігінің айғағы.

Бірінші тарауда Айша мен Қараханның кездесуі керемет үйлесіммен, нанымды суреттелген.

«Тапқан сарай ішінде

сән үйлесім,

Жасаныпты бүгін

Айша күймесі.

Сәукелеге жиналыпты

нұр біткен,

сәулелерді жұтып

гауһар түймесі» – деп Айшаның сән-салтанатына оқырманның аузын аштырып, көзін жұмдырады.

Ең алғаш Айшаның  сұлулығына таң қалған Қараханның ғашықтық отына шарпылған сәтін: «Жас жүрегі ханның тынбай тулады,

Тулады да, тұла бойын улады.

Шықты алдынан алтын киік

– арманы,

Ғұмыр бойы, ғұмыр бойы қуғаны», – деп әспеттеп нақыштайды. Қараханның есін алған өрт сезімді у-ға балап, арманын – алтын киікке ұқсатады. Осылайша, көркемсөзден кесте тігіп, метафораны қолданады.

«Серт байласқан

қош айтысты қос Арман,

Бір-бірінің жүрек кілтін

аша алған.

…Қалды сұлу жанарына жас алған» дейді ақын жыр Пырағын құйғыта отырып.

Қос ғашықтың бұл бақытын қызғаныштың қызыл итіне талатқысы келетін де адам бар екен. Ол — қыздың әкесі. Ақын Айша қыз бен Қараханның махаббат аспанына үйіріліп келе жатқан бұлтты да аңғартып өтеді.

Екінші тарауда:

«Жау жақын», – деп хабар келді Тараздан,

Пай-пай, шіркін, шаһар еді бағы озған» дей отырып, Қараханның жауға қарсы аттануын өлең тілімен өрнектейді. Дастан бұрынғы ата-бабаларымыздан мұра болған он бір буынды қара өлең ұйқасымен жазылып, қисса түрінде қағазға түскен.

«Бұл қаламен

жібек жолы өтеді,

Бар елдердің

бас иетін мекені.

Әулиелер шырағынан

жалын ап,

Әрбіріне санап тәуеп етеді»  деген жолдардан Тараз қаласының көне ғасырлар қойнауынан жеткен үні естілгендей. Туған жерінің тыныштығын қорғауды өзіне серт еткен батыр Айшаны айттырып әкелуге уәзірін жұмсайды. Бұл – үшінші бөлім.

«Сыр қалмасын

жүрегімде жасырын,

Өзге жанды

көркейтпесін асылым.

Бақыт болып

бөтен төрді жайнатпай,

Құдіреттің берсін

зауал-жасылын!» деген теріс бата естіген адамның баршасының жүрегін түршіктіреді. Ақыры, Шаш қаласынан шыққан керуен Таразға бет алады.

Дастанның төртінші бөлімі:

«Қыз күймесі

күнді ұялтып келеді,

Сәйгүліктер жорғалап

бір жөнеді.

Ұзақ сонар

жол апшысын қуырып,

Мәре қылып

төбелерден-төбені», – деген жолдармен басталыпты.   Жүрегінің қалауы – Қарахан сынды ердің еліне беттеген Айша қыздың жанында – Баба әжесі. Оны бір аңызда Айшаның анасы еді десе, екінші бір аңыз күтушісі еді дейді. Қалай болғанда да, сол бір қаралы оқиғаны көзімен көріп, куә болған жан екені ақиқат.

Таразға жақындап қалған керуен Күркіреу өзенінің жанында демалады. Сол жерде суға түскен Айшаны жылан шаққан екен. Бұл хабарды естіген Қарахан сол сәтте жарына жетеді. Бірақ, амал қанша?! Өлім аузында жатқан Айшамен ақ некесін қидырған Қарахан ғашығына арнап зәулім кесене тұрғызыпты. Мәңгілік махаббаттың ескерткішіндей болып әлі күнге дейін Тараз жерінде тұрған «Айша бибі» кесенесі – өлмес сезімнің куәсі.

«Күркіреу деген бір көл бар

Тараз маңында,

Жолаушы, сол көл жағасына кеп дамылда.

Мөлдір суына сол көлдің таза жуынып,

Тәуеп ет барып он ғасыр өткен Сағымға», – дейді ақын оқырманын ойлы сезімге жетелеп.

«Айша бибі» жыр жинағына «Дана елінде», «Ер Салық», «Асқар ақын», «Ұры сыры» атты поэмалар топтастырылыпты. Абайдың туған жері Жидебайды көргендегі ақынның шалқыған шабыты, өлең боп төгілген ой кестесі оқырманды парасатқа жетелесе, академик Салық Зиманов өмірінің бір кезеңін суреттеген дастан батырлықты мұра еткендей. Бір мақалада ақынның барлық шығармасын талдау, саралау мүмкін емес. Ол – болашақтың ісі. Біздің түсінгеніміз – Қадыр ақын өлең пырағының қанатында болашаққа зулап барады.

Гүлзада Ниетқалиева

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз