
Озық ойлы ұлт болудың бастауы
Президенттің биылғы халыққа Жолдауы – қоғамның рухани дамуына, елдің бірлігі мен тұрақтылығына бағытталған маңызды құжат.
Онда еліміздің болашағы үшін ең өзекті мәселелер қамтылып, әр азаматтың санасына сілкініс әкелетін терең ойлар айтылды. Мемлекет басшысы ұлт ретінде озық ойлы, мәдениетті, білімді болудың маңыздылығын ерекше атап өтті. Шынында да, өркениетті ел болудың бастауы – рухани жаңғыру мен адамдық құндылықтарды сақтау. Кітапханашы ретінде бұл сөздер мені ерекше толғандырды, себебі руханият пен білім – біздің күнделікті еңбегіміздің өзегі.
Мемлекет басшысының «мәдениет пен әдеп, тәрбие мен тәлім әрбір азаматтың өзінен басталуы қажет» деген сөзі – бүгінгі қоғам үшін аса маңызды тұжырым. Соңғы жылдары ақпарат ағыны мен технологияның шапшаң дамуы адамдардың рухани байланысын әлсіретіп, кейбір құндылықтардың көмескіленуіне себеп болды. Осындай кезеңде отбасындағы тәрбие, ұлттық дәстүр мен ізгілік қасиеттерді сақтау – ел болашағын ойлаған әр адамның борышы. Біз жастарға кітап пен білім арқылы ізденіс пен парасат жолын көрсетуіміз керек. Кітапхана – ұлттың рухани ордасы, ал кітап – ұлттың жаны екенін ұмытпауымыз қажет.
Жолдауда айтылған патриотизм ұғымының жаңа түсіндірмесі де ерекше әсер қалдырды. Президент атап өткендей, бүгінгі жастар үшін Отанды сүю халыққа пайдалы іс атқарып, жаңа идеялар мен жобаларды жүзеге асырумен өлшенеді. Бұл – уақыт талабына сай көзқарас, жаңа дәуірдің ойлау мәдениеті. Біз жастардың ғылым мен технологияны меңгеріп, ел дамуына үлес қосуға ұмтылғанын қуана қолдауымыз керек. Себебі ұлттың болашағы – білімді, жаңашыл, заманауи ойлайтын ұрпақтың қолында.
Менің ойымша, биылғы Жолдау – елді жаңғыру мен бірлікке үндейтін тарихи құжат. Ол әрбір азаматты өз ісіне адал болуға, мемлекетшілдік сана мен отансүйгіштік рухты нығайтуға шақырады. Ең бастысы, Президенттің халыққа деген сенімі, жастардың болашағына деген зор үміті сезіледі. Біз кешегі тарихымызды ұмытпай, өткеннен тағылым алып, келешекке нық қадам басуымыз керек. Елдің ең басты байлығы – оның бірлігі мен татулығы. Осы құндылықтар сақталса, Қазақстанның болашағы жарқын болмақ.
Ақмоншақ ТӨРЕХАНҚЫЗЫ,
Құрманғазы аудандық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметкері



