Отты жылдар жаңғырығы

Ұлы Отан соғысы кезіндегі қазақстандық 312-атқыштар дивизиясының құрылғанына биыл – 75 жыл. Атаулы датаға орай, ертең Мәскеуде ауқымды шара өтеді. Оған жерлесіміз, Ұлы Отан соғысының ардагері, «Қазақстандық 312-атқыштар дивизиясы. Ерлер есімі ұмытылмасын» кітабының авторы Орынғали Қарасаев қатысуы тиіс еді. Бірақ, ол денсаулығына байланысты бара алмай, шараға оның ұлы Қизат пен қызы Қалам аттанды.

Халықаралық деңгейдегі шараға қатысумен бірге, бүгінге дейін «ізтүзсіз жоғалғандар» қатарында болып, күні кеше ғана жерленген жері анықталған батыр ағаларыҚадыр Тәжиев пен Елемес Құсалиевтің бейітіне туған жердің топырағын сеуіп, құлпытас белгілерін орнатуды  да  ойластырыпты. 

Тарихтан белгілі, 1941-1945 жылдардағы соғыста ең шешуші шайқастың бірі Мәскеу түбінде болды. Осы шайқасқа полковник Александр Наумов басқарған 312-атқыштар дивизиясы да қатысқан. Аталған дивизияның 1941 жылы 17 тамызда Ақтөбе жерінде құрылғаны мәлім.

Ардагер Орынғали Қарасаевтың «Қазақстандық 312-атқыштар дивизиясы.  Ерлер есімі ұмытылмасын» атты кітабында дивизияның құрылуынан бастап, ұрыс даласында жүріп өткен жолдары, нақты деректі оқиғалар толық көрініс тапқан. Сонымен бірге, бүкіл бір дивизияның 208 жауынгері мен олар туралы мәліметтердің берілуі  де туындының құндылығын арттырып тұр.

– Бұл кезеңдерде құрылған екі бірдей – генерал-майор И.В.Панфилов басқарған 316 мен 312-атқыштар дивизиялары теңдесі жоқ ерлік танытты. Оның құрамында шайқасқан немере бауырым мен қайынағам із-түзсіз жоғалғандардың тізімінде еді. Солардың жерленген жерін іздеу барысында 312-атқыштар дивизиясы туралы сирек ақпараттар таптым. Оның үстіне, Отан соғысы кезіндегі шайқастар өткен жерлерде іздестіру жұмыстарын жүргізген Батыс Қазақстан мен Ақтөбе облыстарынан құралған ізшілдер тобының да бірқатар материалдарына қанықтым. Мұрағат материалдары мен маршал Г.К.Жуковтың әскери мемуарлары, 312-дивизия командирі А.К.Наумовтың, басқа да әскербасылардың естеліктері мен қайынағам Елемес Құсалиевтің майданда жүріп жазған хаттарының көмегі зор болды, – дейді ардагер.

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз